Қарағанды облысында күн станциясы іске қосылды

Дереккөз: www.24.kz

Қарағанды облысының Гүлшат елді мекені маңында қуаты 40 мегаваттық күн электр станциясы іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандардың айтуынша, бұл Балқаш секілді 5 бірдей қаланы тоқ көзімен қамтуға жеткілікті. Алып нысан шетелдік инвесторлардың қаржысына салынған. Жоба құны – 46 миллион доллар.

Күн электр станциясының аумағы 100 гектарды алып жатыр. Құрылыс жұмыстары небәрі 8 айда аяқталған. Жобаны жүзеге асыруға 46 миллион доллар қаржы жұмсалыпты. Мамандар нысанды салмас бұрын бұл жердің климатын әбден зерттеген.

Нұрлан Қапенов, жоба жетекшісі:

– Баламалы қуат көзін көптеп өндіру үшін тек қана күн сәулесінің болуы жеткіліксіз. Ауа қысымы, ылғалдылық, барлығы да сәйкес келуі керек. Ал Гүлшат елді мекенінің климаты еліміз бойынша ең қолайлысы болып тұр. Сондықтан таңдау осы жерге түсті.

Қарағанды өңірі баламалы электр қуатын өндіруден еліміз бойынша көш бастап тұр. Бұл – кенді өңірде ашылған екінші нысан. Ал жазда 50 мегаваттық тағы бір күн станциясы іске қосылмақ.

Мұндағы 123 мыңнан астам күн панелі жылына 58 миллион киловатт тоқ береді. Ал жылу энергия орталықтары дәл осындай көлемде электр қуатын өндіретін болса, қоршаған ортаға шамамен 80 мың тонна газ тарайды екен. Демек бұл – экологиялық жағынан аса тиімді жоба.

Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

– Жылдың аяғына дейін Қазақстан бойынша 85 нысан болады, ал 2020 жылы ол 95-100-ге жетеді де, 3 пайыздық көрсеткішке жетеміз деп ойлаймын.

Ал 2030 жылға дейін елімізде өндірілетін баламалы тоқ көзінің үлесін 10 процентке жеткізу жоспарда. Айта кету керек, бұл күн панельдерінің кепілдік мерзімі – 25 жыл.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин