Арал теңізінің қарақалпақтар тұратын аумағындағы ахуал қандай?

Дереккөз: www.24.kz

Арал теңізінің қарақалпақтар тұратын аумағындағы ахуал қандай?

Өзбекстан Арал теңізі мен оның аймағындағы ахуалды жақсарту мақсатында күні бүгінге дейін 230-дан астам бағдарлама қабылдапты.

Кешенді жобалардың жалпы қаржы көлемі 2 миллиард АҚШ долларынан асып жығылады. Оның 40 пайызын яғни 8 триллион сум қазынадан жұмсалған. Қосымша донорлық көмек көрсетілген. Соның негізінде теңізге жақын орналасқан елді мекендерге инфрақұрылым тартылып, ауылдағы медициналық мекемелерге қажетті құралдар сатып алынған. Экологтардың келтірген мәліметіне жүгінсек, климаттың өзгеруінен теңіз ұлтанындағы қалған судың өзі тез тартылып, жаңа құм аралдар пайда болған. Соның салдарынан Арал аумағынан жылына 100 мың тонна тозаң ауаға көтеріліп ұшады екен. Амудариядан  ағып келген суды барынша үнемдеу мақсатында арнайы бөгеттер мен су қоймаларын салу жұмыстары қарқынды жалғасуда. Бұл өзен суын Аралдың құмына сіңіп кетпей сақтап қалуға көмектеседі. Оған қоса балық және мал шаруашылығын дамытуға болады екен.

Вадим Соколов, халықаралық Аралды құтқару қорының өзбекстандық агенттігінің басшысы:

– Су қоймасының негізгі бөлігі Әмударияның теңізге құятын тұсында орналасқан. Өзен осы жерге келгенде екіге айрылады. Тиімді болған соң қойма осы жерге салынған. Әмудариямен ағып келген суды жинап, сол арқылы өзге көлдерге жіберіп отыруға болады. Атап айтқанда Мойнақ қоймасы 15 жыл бұрын қордың қолдауымен салынды. Оған су тұрақты жетпейді. Балықшы қоймасы тағы бар. Су көп болған жылдары құрылыс бітпегендіктен су теңіз ұлтанына ағып үлкен жарлар пайда болды. Теңіз ұлтанына ағып жатқан су тек залалын тигізеді. Қосымша тұздықтар пайда болады. Сосын желмен өзімізге ұшып келеді. Сондықтан суды осында қоймада сақтауымыз қажет.