Каспий теңізіне лас суды төккен жеке компанияға айыппұл салынды

Дереккөз: www.24.kz

Каспий теңізіне 18 мың текше метрге жуық лас суды төккен жеке компанияға 1,7 млн теңге айыппұл салынды.

Сондай-ақ айып тағылған тарапқа қоршаған ортаны тазалау, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу міндеті жүктеліп отыр. Бұл туралы өңірлік экология департаментінің мамандары хабарлады. Бұл оқиға 9 мамырда болған еді. Приморский елді мекеніне қарама-қарсы жағалауға қара судың құйылып жатқанын тұрғындар ұялы телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге жарыса жүктеді. Жағажайға жедел барған мамандар сынамалар алып, құрамын зерттеген. Нәтижесінде теңіз суында марганец, никель, мыс секілді улы заттардың көп мөлшерде екені анықталды.

Руслан Төкенов, облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:

– Қазақстан Республикасының әкімшілік Кодексінің 324-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Және де қоршаған ортаға келтірілген залал сомасы есептелді. Оның сомасы 1,7 млн теңгені құрап отыр. Сонымен қатар алдағы уақытта лас суды төгу факторына жол алдырмау үшін тиісті бөгеттер салуды да міндеттедік.