Арыс қаласында күн электр стансасы салынып жатыр

Дереккөз: www.24.kz

Түркістан облысының Арыс қаласында күн электр стансасы салынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күн сәулесінен баламалы электр энергиясын өндіретін бұл нысан – Қазақстан мен Франция компанияларының біріккен жобасы. Аумағы 30 гектар жерді алып жатқан станса құрылысын шетелдік инвесторлар қаржыландырды. Оған Еуропалық даму банкінен 7 млрд теңге қаралған. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта күн электр стансасы 14 мВт электр қуатын өндіретін болады. «Жоба қазан айында толық іске қосылып, электр энергиясын жеткізуді бастайды. «Бұл таза энергияны өндіруге мүмкіндік береді», – дейді жауапты сала мамандары. Бүгінде заман жоғары қарқынмен дамып, энергияны қажет ететін техникалар саны көбеюде. Осыған орай, бұл техниканы энергиямен қамтамасыз ететін бірден-бір табиғи қуат көзі саналады. Жалпы жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 50 жаңа жұмыс орны ашылады.

Нұрлан Қапенов, Қазақстан күн электр станциясы қауымдастығы директорлар кеңесінің төрағасы:

– Келесі жылы күн электр стансасын кеңейту жоспарлануда. Қазақстан бойынша баламалы қуат көзін өндіретін 70 станса бар. Соның ішінде күн электр стансалары 25 мГв электр энергиясын өндіреді. Оңтүстік өңірде күн ыстық болғандықтан, қуат өндіру жеңіл. Есесіне мұнда қуат көзі тапшы. Бұл жобаның мақсаты – сол проблеманы шешіп, экологиялық жағдайды жақсарту.