Полиэтилен және полипропилен өнімдері енді өз елімізде өндіріледі

Дереккөз: 24.kz

Мұнай химиясы кешенінде өндіріске қажетті негізгі шикізат көзі енді өз елімізде өндірілетін болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – полиэтилен және полипропилен өнімдері.

Қарапайым тілмен айтсақ, қазіргі заманда адамзат баласы пайдаланатын тауарлардың 90 пайызы осы екі өнімнен жасалады. Отандық мұнай химиясы кластерін дамытудың басты пайдасы да осы мақсатты көздейді. Мұнай химиясын өркендету саласындағы тұңғыш жобалардың бірі – полипропилен зауыты.

Атыраудағы еркін экономикалық аймақта салынған мұнай химиясы кешенінде сала үшін аса маңызды зауыт құрылысы жүргізіліп жатыр. Мұнда жылына жарты миллион тонна полипропилен өндірілетін болады. 

Қайрат Оразбаев, «КРІ» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары:

– Жобаның ішінде 2 үлкен техникалық, технологиялық қондырғы салу және 32 жалпы зауыттық нысандар салынуы керек.

Соңғы бір жылда жұмыс қарқыны 34% жетіп, жұмыс кестеге сай жүзеге асып жатыр. 2017-2018 жылдары құрылыс қарқыны 6% деңгейінде болып, іс ілгері жүрмей қойған. Зауыт ашылғанда дайын өнім импортты алмастырып, ішкі нарықтың сұранысын толық жапса, қалғаны шетелдерге экспортталатын болады. Атап айту қажет, кәсіпорын жаңа жұмыс орындарының ашылуына да мүмкіндік берді.

Талғат Кукатов, «КРІ» ЖШС құрылыс бойынша басқарма директоры:

– Қазір біздің нысанда 2 мыңнан астам адам еңбек етіп жатыр. Оның 90 проценті – қазақстандық мамандар. Қазақстандық компаниялар сапа және қауіпсіздік талаптарына сәйкес шетелдік кәсіпорындармен иық тіресе, тең дәрежеде жұмыс істеп жатыр.

Жаңа жобалардың барлығында шетелдерде білім алған отандық мамандар еңбек етіп жатыр. Құрылысқа атсалысып жатқан 36 мердігердің 33-і – жергілікті компаниялар. Полипропилен – әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие химиялық шикізаттардың бірі. Интеграцияланған мұнай-газ химиясы технопаркінде өндірілетін шикізат жоғары сұранысқа ие болатыны анық. «Самұрық-Қазына» қорының құрамына кіретін KPI зауыты межеленген 2021 жылы іске қосылуы тиіс.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Амантай Мәтенов