#Birge #TazaQazaqstan: Қарағанды облысында Нұра, Есіл, Жаман Сарысу өзендері тазаланды

Дерекөз – inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында «Бірге-Таза Қазақстан!» экологиялық акциясы жалғасуда, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Екінші апта қатарынан Қарағанды облысының тұрғындары «Бірге-Таза Қазақстан!» акциясына қатысуда. 3 тамызда ауқымды экологиялық сенбілікке аймақтың барлық қалалары мен аудандарында 33 мыңға жуық адам шықты.

Қатысушылар арасында кәсіпкерлер, еріктілер, экологиялық белсенділер және қала тұрғындары болды.

Кеңгір су қоймасының жағалауы қоқыстан тазартылды. Сонымен қатар, сенбілік Балқаш, Нұра, Есіл, Жаман Сарысу өзендері мен су қоймаларында өтті. Акцияға қатысушылар Саран су қоймасында және Балқаш қаласындағы Шығыс өнеркәсіп аймағында, Қылыш су қоймасында, Сәтбаев қаласындағы ҚТҚ полигонында қоқыстар жинады. Сондай-ақ саябақтарда, гүлзарларда және қалалар мен ауылдардың бас көшелерінде тазалық шарасы жүргізілді.

Облыс орталығында осы сенбіде «Бірге – таза Қазақстан!» атты акциясын 3000-нан астам тұрғын қолдады. ДСК маңындағы 15-магистраль мен Саран тас жолының бойында акцияға қатысушылар тұрмыстық қоқыстарды алып тастады. Тазарту жұмыстары Орталық саябақтың аумағында да жүргізілді. Сонымен қатар Гапеев көшесінде гараж алаңы мен Нестеров көшесінде заңсыз қоқыс тастайтын жерлер жойылды. Кіші және үлкен Бұқпа өзендерінің арнасы және қала шегіндегі орман отырғызу аумағы тазартылды.

Полигонға 3 000 тонна қоқыс шығарылды.