Қазақстан мен Ресей Жайық өзенінің экологиялық мәселесін бірлесіп шешпек

Дереккөз – www.inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Ресейдің Табиғи ресурстар және экология министрі Дмитрий Кобылкинмен видеобайланыс арқылы кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

М. Мырзағалиевтің сөзіне қарағанда, өзен бассейіндерін сауықтыру бойынша екі ел ғалымдарын жұмылдыра отырып, сарапшылық органды құру шешімі жасалды. Бұл тұрғыда өзен экожүйесін сауықтыру мен судың ағынын зерттеу шаралары қамтылмақ. Осы орайда орган құрамын 20 сәуірге дейін айқындау туралы уағдаластық жасалды.

«Жайық пен Ертіс өзендері бассейіндерін эко-сауықтырыру бойынша бағдарламаны жүзеге асыру тақырыбы да талқыланды. Сонымен қатар Жайықтың гидрологиялық режимін зерттеу мәселесі қаралды. Бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатыр. Осы орайда бұл шаралар қазақстандық-ресейлік тиісті комиссия аясында жанданатын болады», – деп жазды М. Мырзағалиев.

Бұл тұрғыда осы уағдаластықтар екі елдің су шаруашылығындағы ынтымақтастығын күшейтіп, трансшекаралық сулардың экологиялық жағдайын жақсартады.