Қазақстанда су тасқыны кезеңі штаттық режимде өтуде

Источник – www.gov.kz

Тиісті министрліктер мен әкімдіктер тарапынан алдын-ала қабылданған шаралардың арқасында Қазақстанда су тасқыны кезеңі штаттық режимде өтуде. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі С. Громов мәлімдеді.

«Экология, Ішкі істер министрілктері мен өңірлер әкімдіктерінің су тасқыны салдарының алдын алу, атап айтсақ су қоймалары сыйымдылығында бос орындар қалыптастыру, қорғаныш үйінділерін тұрғызу, өзен учаскелерін тазарту сияқты алдын-ала қабылдаған шараларының арқасында бүгінгі таңда су тасқыны кезеңі штаттық режимде өтуде», – деді С. Громов сейсенбіде өткен брифингте.

Оның мәліметі бойынша қазіргі уақытта су тасқыны бойынша қауіпті алты өңірдің екеуі – Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары су тасқынының ауыртпалықтарына сезімтал аймақтар болып отыр. Су тасқыны кезеңі аталған өңірлерде мамыр айының 1 онкүндігіне дейін сақталады.

«Қазіргі уақытта су шаруашылығы жағдайына тәулік бойы бақылау жүргізілуде. Қар қорының азаюына байланысты барлық ірі су қоймалары (Самарқанд, Шерубай-Нұра, Астана, Сілеті, Шағалалы) өзен арнасына ағуды іске асыра отырып және маневр жасау үшін бос сыйымдылық қалдыра отырып, жинақтау және ішінара транзит режимінде жұмыс істеуде», -деп мәлімдеді вице-министр.

Оның айтуынша, Экология министрлігі коммуналдық және жеке гидротехникалық құрылыстарға тасқын суларды қауіпсіз өткізу жөніндегі ұсынымдардың орындалуын бақылау тұрғысынан көшпелі тексерулер жүргізуді жалғастыруда. Бүгінгі таңда су тасқыны кезеңінде ықтимал қауіпті Ақмола облысының су қоймаларында тасқынның агрессивті режимдерінің ең төменгі мәнін азайту үшін бос сыйымдылықтарды босату жолымен ұлғайтылды.

«Жалпы, жағдайды күнделікті режимде мониторингілеудеміз. Елдегі су тасқыны жағдайы тұрақты және үнемі бақылауда», – деп қорытындылады вице-министр.