Нұр-Сұлтан қаласында «Завтра было поздно: Экологические риски Казахстана» атты кітаптың тұсаукесері өтті

Дерек көзі – gov.kz 

Эко-кітапты халықаралық консультанттарды тарта отырып қазақстандық сарапшылар дайындаған. Кітапта су ресурстарын басқару, ауаның ластануы, қалдықтарды басқару, жердің тозуы, биоалуантүрлілік, энергия тиімділігі, климаттың өзгеруі секілді маңызды тақырыптар қамтылған.

Іс-шараға кітап авторлары, қоршаған ортаны қорғаумен айналысатын министрліктердің өкілдері, ғалымдар мен БАҚ өкілдері де қатысты.

Сондай-ақ қатысушылар арасында экология саласының өзекті тақырыптары талқыланды. Экология министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов бүгінгі күні өңірлердегі негізгі проблема атмосфералық ауаның және жер үсті суларының ластануы екенін атап өтті.

«Экологиялық мониторинг 2020 жылдың қорытындысы бойынша 45 өнеркәсіптік қала мен мегаполистің ішінде 10 қала атмосфералық ауаның жоғары ластану деңгейіне жататынын көрсетті. Бұл – Нұр-сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент қалалары. Ластаушы заттар шығарындыларының жалпы көлемі 2,5 млн.тоннаны құрады. Жер үсті суларының ластануының негізгі себептерінің бірі – ескірген кәріз және тазарту қондырғылары. 2020 жылы ел бойынша төгінділердің жалпы көлемі 1,1 млн. тоннаны құрады».

Зұлфұхар Жолдасов елдегі экологиялық ахуалды жақсарту үшін өнеркәсіпте ең озық қолжетімді технологияларды пайдалану болатынын айтты. Жаңа Экокодекске сәйкес озық технологияға көшу 2025 жылдан бастап жүзеге асырылады.

«Бірінші кезеңде (20-35) озық қолжетімді технологияға шығарындылардың 80%-ын құрайтын ТОП-50 кәсіпорын өтеді. Оған жылу энергетикасы, мұнай-газ және химия өнеркәсібі кәсіпорындары кірді. Екінші кезеңде I санатта қалған кәсіпорындар (2,5 мыңнан астам кәсіпорын) өтеді. Егер кәсіпорын озық технологияны енгізбесе, эмиссия үшін төлем ставкалары бірнеше есе артады».