Қазақстанда 2030 жылға қарай жылына 270 мың тонна балық өсіріледі

Дерек көз – gov.kz

2021 жылғы 28 маусымда «Балық шаруашылығын дамыту туралы» тақырыбында брифинг өтті. Спикер-ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман Жүнісов. Жұртшылық Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыру барысы және Комитеттің атқарып жатқан жұмыстары туралы хабардар етілді.

Бағдарламада қолда бар әлеуетті ескере отырып, 2030 жылға қарай өсірілген балық көлемін жылына 270 мың тоннаға дейін ұлғайту міндеті қойылған.

Балық өсіру көлемін ұлғайту балық өсіруге жарамды су айдындарын пайдалану, сондай-ақ жаңа инвестициялық индустриялық балық өсіру жобаларын іске асыру және жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарды жобалық қуатына дейін жеткізу есебінен жоспарланып отыр.

2030 жылға дейін 1283 жаңа балық өсіру шаруашылығы құрылады және жұмыс істеп тұрған 288 шаруашылықты өсіру көлемі ұлғайтылады.

Жобалар әр өңірдің ерекшеліктеріне қарай бөлінді және жергілікті атқарушы органдар бекіткен балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларында көрсетілді. Бағдарламаның индикаторлары мен көрсеткіштеріне қол жеткізу жауапкершілігі де оларға жүктелген.

Қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін 10 жыл ішінде 340 млрд.теңге жеке инвестициялар тарту және мемлекеттік бюджеттен шамамен 200 млрд. теңге бөлу көзделіп отыр.

2021 жылы жұмыс істеп тұрған балық өсіру шаруашылықтары есебінен 12,8 мың тонна балық өсіру күтілуде. Жедел мәліметтер бойынша жыл басынан бері шамамен 7,6 мың тонна тауарлы балық өсірілді.

Брифинг барысында спикер сондай-ақ балық шаруашылығын (акваөсіру) дамыту үшін жағдай жасау мақсатында Комитет мынадай жұмыс жүргізгенін хабарлады. Бірінші. Балық шаруашылығы су айдындарын тауарлық балық шаруашылығын жүргізу үшін кәсіпшілік су айдындарынан ауыстыру қағидалары бекітілді.

Екінші. Заңнамалық деңгейде пайдаланушының тор шаруашылығын жүргізу үшін кәсіпшілік балық шаруашылығы учаскесін пайдалану құқығы көзделген.

Үшінші. Балық шаруашылығын жүргізуге арналған үлгі шарт бекітілді және осы шартты жасасудың нақты мерзімі – 49 жыл болып белгіленді. Бұрын келісім-шарт жасасу мерзімі 5 жылдан 49 жылға дейін болатын.

Төртінші. Балық шаруашылығын дамыту жоспарларында балық өсірушілерге қойылатын артық талаптар алынып тасталды.

Бесінші. Балық өсіру шаруашылықтарын су қорғау белдеуіне орналастыру бойынша шектеулер алынып тасталды.

Алтыншы. Балық өсіру тоғандары мен бассейндерін салу кезінде жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу жөніндегі талаптар алып тасталды.

Жетінші. Бизнес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде балық өсіру шаруашылықтарын салу кезіндегі шығындарды өтеуден босатылды.

Сегізінші. Мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары кеңейтілді. Бұл:

  • балық өсіру-биологиялық негіздемелер;
  • балық өсіру материалын сатып алу;
  • дәрілік препараттар;
  • бағалы балық түрлерінің жөндеу-аналық табындарын сатып алуға және күтіп-ұстауға жұмсалатын шығындар құнын 50%-ға дейін субсидиялау.

Спикер сондай-ақ Комитет Қазақстанда балық шаруашылығын жүргізу үшін барынша қолайлы жағдайларды пысықтап жатқанын атап өтті, сондықтан ол балық шаруашылығы субъектілерін, инвесторларды және балық өсірумен айналысуға ниет білдірген барлық бизнесмендерді балық өсірумен айналысуға шақырды. Бағдарламаны іске асыру жөніндегі жұмыстармен қатар балық ресурстарының табиғи популяциясын сақтау және ұлғайту бойынша шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, браконьерлікпен күрес, балық аулауды реттеу және балық ресурстарын жасанды түрде молайту жүзеге асырылуда.

Мәселен, 2021 жылдың басынан бастап мемлекеттік инспекторлар 1800-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, 23,2 млн.теңге айыппұл салды, оның 15,4 млн. теңгесі өндіріліп алынды. Спикер сондай-ақ Комитет өткізетін «Бекіре», «Уылдырық шашу», «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясының қорытындылары туралы хабарлады.

Анықтама

Қазақстанның ауқымды балық шаруашылығы қоры бар. Саланың ғалымдары мен сарапшыларының бағалауы бойынша балық шаруашылығының әлеуеті жылына 600 мың тонна тауарлық балыққа бағаланады. «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің балық саласын дамытуға ерекше назар аудару қажеттігі атап өтілді. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 31 желтоқсандағы № 955 қаулысымен ҚР ЭГТРМ Балық шаруашылығы комитеті құрылды.