Вице-министр жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келді

Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов бірқатар аудандарды, су шаруашылығы нысандарын аралап, сала мамандарымен бірге атқарылған жұмыстарды пысықтап, алдағы мақсат-міндеттерді айқындады. Қордай, Меркі, Жуалы аудандарына барған Серік Қожаниязов су шаруашылығы нысандарын аралап, жай-күйімен танысты. Одан бөлек сала мамандарымен, диқандармен де арнайы кездесіп, толғандырған мәселелеріне құлақ қойып, ұсыныс-пікірлеріне назар аударды. Кездесуге келген диқандар аталған екі ауданда да биыл су тапшылығы орын алып жатқанын қынжылыспен жеткізді. Дегенмен диқандар ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің маңызды шешімдерінің арқасында өткен жылдарға қарағанда ахуал жақсара бастағанын тілге тиек етті. Мәселен су қоймаларына жаңғырту жұмыстары, каналдарға механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп, бетонмен қапталған. Су тапшылығы туындап тұрған дәл қазіргі қиын шақта шаруашылықтарға суды кезекпен берудің кестесі жасалған. Кесте арқылы су беру қазіргі таңда көп қиындықтан құтқаруда. Ал Серік Қожаниязов  бүгінгі күннің ең өзекті мәселесін шешу мақсатында министрлік тарапынан істеліп жатқан жұмыстар жоспар бойынша кезең-кезеңімен қарқын ала беретінін баяндады. Сондай-ақ ол су тапшылығына қарамастан бірлескен жұмыстар арқасында вегетация кезеңі қалыпты жағдайда өтіп жатқанын, алдағы уақытта да солай жалғаса беруі керектігін айтты. Аудандарға сапары барысында экология министрінің орынбасары  «Әулие Ата» қант қызылшашылар ассоциациясының мүшелерімен, фермерлермен де кездесіп, су шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді бірге сарапқа салды. Ассоциация мүшелері егіс алқабын ұлғайтып, мол өнім алуға ниетті екендерін, ал ол үшін қолдау қажеттігіне тоқталды. Ұтымды ұсыныстарды тыңдаған Серік Қожаниязов бірлескен істе береке болатынын, сондықтан тиісті мекемелер мен әкімдіктер қоян-қолтық жұмыс істеуі тиіс екенін баса айтты. Сондай-ақ вице-министр аудандарға сапары кезінде аудан басшыларына дәл қазіргі вегетация кезінде шаруалар судан қысылмау керектігін, барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып науқанды ойдағыдай аяқтау үшін күш біріктіріп жұмыла жұмыс жасауға шақырды. Вице-министрдің Жамбыл облысына жұмыс сапары кеше «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалында жалғасты. Онда Серік Қожаниязов вегетация кезеңінің барысымен танысты. Аудандарды аралап, сала мамандарымен кездесті. Сондай-ақ министр орынбасары  кеше Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесті. Басқосуда атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы жоспарлар айқындалды. Бердібек Машбекұлы мемлекеттік қолдаудың арқасында тындырымды тірліктер жасалғанын, дегенмен әлі де атқарылатын жұмыстар аз емес екенін баяндады.

Дереккөз – Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі