Экология министрлігі мен Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Германия қоғамы (GIZ) Арал өңірін дамыту мәселелерін талқылады

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова «Арал өңірінің экологиялық бағдарланған өңірлік дамуы» халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамының (GIZ) өңірлік жобасының жетекшісі Паул Шумахермен кездесті. Паул Шумахер вице-министрді Арал өңіріндегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша бірқатар іс-шаралар іске асырылып жатқан аталған өңірлік жобаның ағымдағы жылдың басында басталғаны туралы хабардар етті. Өз кезегінде Әлия Шалабекова Министрліктің GIZ-мен түрлі жобалар бойынша жемісті ынтымақтастығын атап өтіп, экология және қоршаған ортаны қорғау саласында техникалық көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді. Кездесу барысында тараптар көгалдандыру, ландшафтқа кешенді мониторинг жүргізу және Арал теңізінің құрғаған табанын картографиялау саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын, сондай-ақ климаттың өзгеруіне бейімделу, балық шаруашылығын дамыту, табиғатты қорғау іс-шараларына жергілікті халықты тарту мәселелерін талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және GIZ жобасына Қазақстанда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Анықтама «Арал өңірінің экологиялық бағдарланған өңірлік дамуы» өңірлік жобасы Германияның экономикалық ынтымақтастық және даму федералдық министрлігінің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылады және оны халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Германия қоғамы (GIZ) іске асырады. Жоба Арал өңірінің экологиялық орнықты трансшекаралық экономикалық дамуын қамтамасыз етуде Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтеріне қолдау көрсетеді.

Дереккөз – Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі