“Достық” мемлекетаралық арнасы бойынша Түркістан облысының фермерлері үшін су жіберу көлемі 80-нен 90 мз/с дейін ұлғайтылды

Биылғы жылғы 19 шілдеде Ташкент қаласында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Ш. Хамраевпен кездесу өткізді. Кездесу барысында олар Сырдария өзенінің орта және төменгі ағысындағы су жағдайын жақсарту жөніндегі бірлескен шараларды талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан үшін «Достық» мемлекетаралық арнасы бойынша Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандарының фермерлері үшін су жіберу көлемі 80-нен 90 м3/с дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ, Шардара су қоймасына келетін ағынды арттыру бойынша бірлескен шараларды жалғастыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. Сонымен қатар, кездесу барысында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және пайдалану туралы Келісімнің жобасы талқыланды. Тараптар осы жылдың соңына дейін Келісім жобасын келісу рәсімдерін аяқтау ниеттері бар екенін растады.

Дереккөз – Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі