Министр Серікқали Брекешев Инвестициялық штаб отырысына қатысты

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, сондай-ақ Жамбыл және Ақмола облыстарының әкімдіктерінің инвестициялық жобаларды іске асыру барысы қаралды.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев экология, геология, балық, орман және су шаруашылығы салаларында ЭГТРМ негізгі капиталға тартатын инвестициялардың 2021-2025 жылдарға арналған нысаналы көлемі 2,5 трлн теңгені құрайтынын мәлім етті.

Инвестициялық жобалар пулына Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Шымкент, Өскемен, Қарағанды және Алматы қалаларында «Waste to Energy» қоқыс жағатын зауыттарын салу, жер қойнауын геологиялық зерттеу саласында шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты кеңейту, сумен қамтамасыз етудің тұйық цикліндегі балық өсіру шаруашылықтарын, тоған және шарбақты балық өсіру шаруашылықтарын дамыту, Каспий теңізінде балық аулауды ұйымдастыру, құрама жем, артемия цисталарын өңдеу зауыттарын салу және т. б. кіреді.

Орман қорында экологиялық туризмді дамыту мақсатында Іле Алатауы, Шарын, «Көлсай көлдері», «Алтын Емел» және т. б. мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінде қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру бойынша жобалар іске асырылады. Су шаруашылығы саласында Жамбыл облысындағы Тасөткел магистралды каналын, Үлкен Алматы каналын, Алматы облысының су шаруашылығы және гидромелиоративтік жүйелерін реконструкциялау және жаңғырту, Түркістан облысындағы Өгем өзенінде СЭС каскады бар су тартқыш салу жоспарланып отыр.

Дереккөз: https://primeminister.kz/kz/news/kr-premer-ministri-a-mamin-investiciyalyk-shtab-otyrysyn-otkizdi-1581941