«ҚТЖ» ҰК» АҚ: көміртегі ізі 10% төмендеді

2013 жылдан бастап компанияның өндірістік қызметінен көміртегі ізі 10% төмендеді. Егер 2013 жылы СО2 тікелей шығарындылары 2 млн.079 мың тоннаны құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 1 млн. 888 тоннаға дейін азайды.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ бас инженері Батыр Котырев өндірістік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғаудың III форумында компания бойынша шығарындыларды азайту энергияүнем жөніндегі іс-шараларды іске асырумен қамтамасыз етілетінін атап өтті. Мысалы, қазақстандық темір жолда пайдаланылатын «Evolution» сериялы тепловоздар ескі үлгідегі тепловоздармен салыстырғанда шығарындыларды 2,2 есе азайтуға мүмкіндік береді.

– Қазіргі уақытта компанияны терең декарбонизациялау тұжырымдамасы әзірленуде. Төмен көміртекті технологияларды енгізу көзделіп отыр. Локомотив паркін дизель отынынан сұйытылған табиғи газ бен аккумуляторларға біртіндеп ауыстыру жоспарлануда, – деді Батыр Котырев.

Көліктің басқа түрлерімен, сондай-ақ экономиканың басқа салаларымен (энергетика, мұнай өңдеу және металлургия өнеркәсібі) салыстырғанда теміржол көлігі анағұрлым экологиялық таза болып табылады.

Халықаралық темір жол одағының (ХТЖО) ақпараты бойынша АҚШ пен Еуропалық одақ экономикасындағы темір жол көлігінен парниктік шығарындылардың үлесі тиісінше 2,4 және 2,9% құрайды. Қазақстанда бұл көрсеткіш 0,6% тең.