Қазақстан мен АҚШ: экоынтымақтастық арта түседі

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo?lang=kk

Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев пен Қазақстан Республикасындағы АҚШ істері жөніндегі Уақытша сенімді өкілі Джуди Куо ханым екіжақты кездесу өткізіп, қоршаған орта және геология саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Ведомство басшысы Джуди Куо ханымға өткен жылдың қыркүйек айында “С5+1” саяси диалогы аясында Орталық Азия елдерінің табиғатты қорғау ведомстволары басшыларының кездесуін ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді, онда қатысушылар климаттың өзгеруі, экология және қоршаған ортаны қорғаудың маңызды мәселелерін талқылауға бірегей мүмкіндік алды.

Кездесу барысында тараптар мына мәселелерді талқылады:
– Қазақстанның метан шығарындыларын азайту жөніндегі жаһандық міндеттемеге қосылуы;
– көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу стратегиялары;
– қоршаған орта бойынша С5+1 жұмыс тобы шеңберіндегі ынтымақтастық;
– автокөлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасына кәдеге жарату алымының қолданыстағы мөлшерлемелерін төмендету;
– геология және табиғи ресурстар қызметі.

С.Брекешев өз сөзінде: “Қазақстан метан шығарындыларын азайтуға дайын, оны азайту экологиялық та, экономикалық та пайда әкелуі мүмкін екенін түсінеміз. Біз метан шығарындыларын азайту жөніндегі жаһандық міндеттемеге қосылуды және ол жөніндегі елдік міндеттемелерді өз мойнымызға алуды жоспарлап отырмыз”, деп атап өтті.

Сондай-ақ, “С5+1” жұмыс тобы аясындағы ынтымақтастық Қазақстан үшін АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы өңірлік ынтымақтастықтың маңызды тетігі болып табылатыны айтылды.

Қоршаған ортаны қорғау бойынша республикамыз климаттың өзгеруіне бейімделу саласында тәжірибе алмасу және Арал теңізі бассейнінің тозған ландшафтарын ормандандыру мәселелері жөніндегі агенттіктің сарапшыларымен кездесу арқылы USAID агенттігімен ынтымақтастықты жалғастыруда.

Сондай-ақ, тараптар геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастық және осы салаға инвестициялар тарту мәселелерін талқылады.

“Біз АҚШ – ты жер қойнауын геологиялық зерттеу, сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу саласындағы стратегиялық серіктес ретінде қарастырамыз”, – деді министр.

Инвесторларды тарту жалпы әлемдік тәжірибе болып табылады және “ҚР минералдық ресурстарының ұлттық деректер банкі” ақпараттық жүйесін енгізу қатты пайдалы қазбаларды барлауға жер қойнауын пайдалану үшін материалдарды алу процестеріне еркін қолжетімділікті және автоматтандыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

“Екі елдің геологиялық қызметтері арасында тығыз серіктестікке сенім артамыз, сондай-ақ америкалық компанияларды өзара тиімді ынтымақтастыққа шақырамыз. Қазақстанда бірлескен жобаларды табысты жүзеге асыру үшін АҚШ бизнесіне толық қолдау көрсетуге дайынбыз”,- деді кездесу барысында.

Соңында министр америкалық тарапты Арал теңізінің құрғаған түбіне сексеуіл отырғызу шарасына қатысуға шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан аумағында Аралдың құрғаған түбіне орман легу қарқынын арттыру үшін Президенттің екі млрд ағаш отырғызу тапсырмасы аясында 2025 жылға дейін 213 мың га жерге сексеуіл отырғызу жоспарланған.