Елордада «Экожер» конгресі өтуде

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында. https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo?lang=kk

Дүниежүзілік қоршаған орта күні қарсаңында Елордада «Экожер» екінші халықаралық конгресі өтуде.

Іс-шараға экобелсенділер, сарапшылар, мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтардың және халықаралық ұйымдардың басшылары қатысады.

ҚР Экология министрі Серікқали Брекешев конгрес қатысушыларына арнаған алғы сөзінде жаһандық климаттың өзгеру қаупі, оның энергетиканы дамыту саласындағы әлемдік саясатқа әсері, жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту және жасыл технологияларды қолдау мақсатында көмірмен байланысты жобалардан біртіндеп бас тарту туралы айтты.

Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын пысықтау, сондай-ақ Париж келісімі шеңберінде ұлттық деңгейде айқындалатын салымды жаңарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Шығарындылардың нөлдік теңгеріміне қол жеткізу үшін Қазақстанға ЖЭК пайдалануды кеңейту, энергия тиімділігін арттыру және биоотын мен сутекке көшу бөлігінде елеулі өзгерістер күтілуде.

Министр сондай-ақ: «Қоршаған ортаға теріс әсерді төмендетудің тағы бір құралы ең озық қолжетімді технологияларға (ОҚТ) көшу болып табылады», – деп атап өтті.

Мәселен, электр энергетикасы өнеркәсібінің үлесіне жыл сайын орта есеппен 900 мың тонна ластаушы заттар келеді, бұл елдегі өнеркәсіптің барлық шығарындыларының шамамен 40%-ын құрайды. Осыны негізге ала отырып, біздің еліміз үшін энергетикалық секторда ОҚТ-ны кезең-кезеңімен енгізу және дамыту маңызды. Еуроодақ елдерінің тәжірибесі таңдалған бағыттың дұрыстығын көрсетеді.

«Қазақстан орнықты өсуге бағытталған бірқатар заңнамалық құжаттарды, даму стратегиялары мен бағдарламаларын қабылдау арқылы «Жасыл өсімге» көшу үшін ұйымдық-құқықтық негіз жасаған Орталық Азиядағы бірінші мемлекет болды. Біз бұл стратегияны халықаралық ынтымақтастықты ескере отырып жалғастырамыз», – деді С.Брекешев.