Аймақтардағы экология департаменттерінде жаңа тағайындаулар

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында. https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo?lang=kk

2022 жылғы 06 қыркүйектен бастап ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бұйрығымен Ұлытау облысы бойынша экология департаментінің басшысы лауазымына Тлеубеков Дастан Тоғанбекұлы тағайындалды.

Тлеубеков Дастан Тоғанбекұлы 1977 жылы Қарағанды қаласында туылған. Үйленген, 2 баласы бар.

1999 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін “Өнеркәсіптік экология”мамандығы бойынша бітірген.

Экология жүйесінде 1999 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін.

Еңбек жолын 1999 жылы “Нова Цинк” кәсіпорнында эколог болып бастаған.

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік жүйеге 2003 жылы келді. Мемлекеттік бақылау департаментінің бас маманынан бөлім бастығына дейінгі жолдан өтті.

Әр жылдары экологиялық құжаттаманы әзірлеу бойынша жобалау фирмасында қатардағы маманнан бастап басқарушы лауазымдарға дейін жұмыс істеді. 2016-2018 жылдар аралығында экологиялық сараптама және рұқсаттар басқармасын басқарды.

Соңғы жұмыс орны – Министрліктің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің экологиялық сараптама және рұқсаттар басқармасының басшысы.

Сондай-ақ, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бұйрығымен 2022 жылғы 7 қыркүйектен бастап Абай облысы бойынша экология департаментінің басшысы Серік Абдуллаұлы Сарбасов тағайындалды.

Серік Абдуллаұлы Оңтүстік Қазақстан облысында 1987 жылы 3 қаңтарда дүниеге келген.

2008 жылы Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Биология» мамандығымен бітірді. 2013 жылы Қазақстан инженерлі-педагогикалық халықтар Достығы университетің «экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2008 жылы ҚР Қоршаған орта қорғау министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Шу-Талас экология департаментінің Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалында зерханашы болып бастаған. 2011-2019 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Павлодар облыстарының экология департаменттерінде бас маман қызметін атқарған, 2019 жылы Шымкент қаласы бойынша Экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы – Аға мемлекеттік экологиялық инспекторы лауазымында қызмет атқарды. 2021 жылы Алматы облысы бойынша экология департаменті басшысы орынбасары – Бас мемлекеттік экологиялық инспекторы қызметін атқарған.

2022 жылдың 7 қыркүйегінен бастап Абай облысы бойынша экология департаменті басшысы қызметіне тағайындалды.

Сонымен қатар, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бұйрығымен Жамбыл облысы бойынша экология департаментінің жаңа басшысы Латыпов Арсен Хасенұлы тағайындалды.

Арсен Хасенұлы Солтүстік Қазақстан облысында 1986 жылы 2 желтоқсанда дүниеге келген.

2008 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Евразиялық ұлттық университетін «Стандарттау, метрология және сертификаттау» мамандығымен бітірді. 2011 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Евразиялық ұлттық университетің «экология» магистрі атанып, 2014 жылы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2008 жылы «Қазақстан метрология институты» РМК, ғылыми зерттеулер және ақпараттық қызмет көрсету зертханасының I санаттағы маманы болып бастаған. 2019 жылы Қазақстан Республикасы Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті лицензиялау басқармасының бас сарапшысы, Экологиялық саясат және тұрақты даму департаменті экологиялық мониторинг басқармасының басқарма басшысы, 2020 жылы Жамбыл облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары – Жамбыл облысы бойынша Бас мемлекеттік экологиялық инспекторы лауазымдарында қызмет атқарды.

2022 жылдың 9 қыркүйегінен бастап бүгінгі күнге дейін Жамбыл облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарып келеді.