Алғаш рет Іле-Балқаш резерваты Қызыл кітапқа енген құландармен толықты

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында. https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo?lang=kk

Алтын-Емел ұлттық паркінен «Іле-Балқаш» резерватына шамамен 50 бас құлан жеткізілді. Олардың ортаға бейімделуі жұмсақ түрде өтуі үшін жануарлар аумағы 22 гектар болатын арнайы қоршауға орналастырылды. Ол жерде шамамен 5-7 ай уақытқа дейін болады, одан кейін тұяқтылар табиғи ортаға жіберілмек.

Сонымен қатар, аталмыш аумаққа тағы да бұқар бұғылары әкелінді. Резерват аумағына бұғыларды жерсіндіру 2018 жылы басталған болатын – сол жылы алғаш рет 5 тұяқты қоршау ішіне жіберілген. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ 2019 жылы – 17 бас, 2020ж. – 30, 2021ж. – 53 және биылғы жылы 54 бас бұғымен толықты, оның 15-і қазіргі таңда қоршауға жіберілген.

Қызыл кітапқа енген жануарлардың қозғалу аумағын бақылау мақсатында, әр қоршау ішіне 2 фототұзақтан орнатылған.

Еске сала кетейік, тұяқтылардың Балқаш ауданына оралуы, жолбарысты Қазақстанға жерсіндіру бағдарламасы аясында іске асырылып отыр. Оны Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Дүниежүзілік жабайы табиғат қорымен бірлесіп, БҰҰДБ қолдауымен іске асырады.