Қаракөлде аққулардың қырылуының мүмкін себептері анықталды

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында. https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo?lang=kk

Қаракөл көлінде аққулардың қырылуына себеп болған жайттарды анықтау үшін экология департаментінің, аумақтық инспекцияның, Үстірт мемлекеттік қорығының, облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері, ветеринарлар, сондай-ақ “МАЭК” ЖШС экологтары көл аумағынан сынама алу және зерттеу үшін көлге барды. Тексеріс барысында 10 аққу өлексесі табылды. Олардың барлығы әлі бір жасқа да толмаған жас, сыбырлақ аққу ретінде анықталған. Олардың бұл түрі ҚР Қызыл кітабына енгізілмеген.

Ветеринарлардың пікірінше, аққулар қыста аман қалу үшін денесіне қажетті майды жинақтай алмаған, ал олардың қырылуына қатты аяз себеп болуы мүмкін. 1 желтоқсаннан бастап ауа температурасы – 15 градусқа дейін төмендеген. Каспий теңізі мен Қаракөл көлінің жағалау жиегі мұзбен көмкеріліп, соның нәтижесінде жас, әрі епсіз құстарға жем-шөп табу қиынға соққан.

Есептік деректерге сүйенсек, Қаракөл көлінде 10 мыңнан астам аққу қыстайды.

Маңғыстау облысының Экология департаментінің қызметкерлері су мен топырақ сынамаларын алды, ал ветеринариялық инспекция мамандары өлген аққуларға талдау жасады.

Зерттеу нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады.