Қазақстан мен Өзбекстан экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтті

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында. https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo?lang=kk

Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2022 жылғы 21-22 желтоқсандағы Өзбекстан Республикасына ресми сапары шеңберіндегі делегация құрамында Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі С.А.Брекешев қатысты.

Сапар аясында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметтері арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Осы Келісім су сапасын бірлесіп қадағалап, су сапасы бойынша деректерді және нормативтік құжаттарды талдап, онымен алмасуды, қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жасау бойынша өзара іс-қимыл сапасын көтеруге бағытталған. Сонымен қатар, Келісім орман алқаптарын қалпына келтіру, жер алқабы мен өсімдіктердің деградациясына қарсы күресті, жалпы қоршаған ортаны қорғауда ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және Өзбекстан Республикасының Орман шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы құрғақшылыққа қарсы күрес, ормандарды сақтау және қалпына келтіру жөніндегі ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Сонымен бірге, құжатта – Арал теңізінің құрғаған түбінің фитоорманмелиорациясын дамыту, биоәртүрлілікті тұрақты басқару, экотуризмді дамыту, орман қорындағы инновациялық технологиялар бойынша бірлескен жұмыстар жүргізу көзделеді.