Вегетациялық кезеңді өткізу туралы

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында. https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo?lang=kk

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері ағымдағы жылы вегетациялық кезеңді өткізу туралы айтып өтті.

​Соңғы жылдары суармалы егіншілік дамыған елдің оңтүстік аймақтарында су тапшылығы қатты сезілуде.

Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары С. Нұрымбетов атап өткендей, Министрлік ағымдағы жылдың вегетациялық кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін 2022 жылғы желтоқсаннан бастап дайындық жұмыстарын бастады.

2022-2023 жылдардағы вегетацияаралық және вегетациялық кезеңдердегі жұмыс жоспары бекітілді, оның шеңберінде қазіргі уақытта мынадай бағыттарды қамтитын сыртқы және ішкі іс-шаралар іске асырылуда:

– фермерлерді суармалы сумен қамтамасыз ету және жоғарғы су қоймаларынан қосымша су ағызу бойынша іргелес елдермен жұмыс;

– гидротехникалық құрылыстардағы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары;

– суару желісінің магистральдық және шаруашылықаралық каналдарын тазарту;

– су үнемдеу технологияларын енгізу.

Мәселен, 10 мамырда Душанбе қаласында Мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының 84-ші отырысы шеңберінде Нарын-Сырдария су қоймалары каскады жұмысының болжамды режимі келісілді, оған сәйкес Шардара су қоймасына вегетациялық кезеңде ағын 4,2 млрд.м3 құрауы тиіс, «Достық» каналы бойынша 920 млн. м3 көлемінде су беру жоспарланған.

22 маусымда Қазақстан-Тәжікстан-Өзбекстан үшжақты форматында ағымдағы жылдың маусым-тамыз айларына арналған «Бахри-Точик» су қоймасының жұмыс режимінің кестесі бекітілді, нәтижесінде вегетациялық кезеңнің шыңына «Достық» каналының қазақстандық бөлігіне қосымша 490,8 млн.м3 су келуі күтілуде.

Шу және Талас өзендерінің бассейндері бойынша мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы объектілері бойынша су беру кестесі бекітілді. Мәселен, 2023 жылдың вегетациялық кезеңінде Шу өзені бойынша жалпы көлемі 153,95 млн.м3 (ГМК – 120,12 млн. м3), Талас өзені бойынша – 178,42 млн. м3 (Киров су қоймасынан ағызу) ағыны күтілуде.

Сонымен қатар, төмен ағын бойынша алдын ала болжамға қарамастан, мынадай проблемалар бар.

Жамбыл облысы бойынша бүгінгі күні мұздықтардың әлсіз еруі салдарынан Қырғызстан аумағындағы су қоймаларының аз толуына байланысты шиеленісті жағдай байқалады.

Түркістан облысы бойынша сәуір айынан бастап Шардара су қоймасына су ағыны аз. Ағымдағы жылдың 1 сәуірі мен 30 маусымы аралығында Шардара су қоймасына 2,23 млрд. м3 су келуі күтілген (МСҮК болжамды кестесіне сәйкес), бірақ іс жүзінде 1,291 млрд.м3 (58%) су алынды.

Осыған байланысты, Достық каналы арқылы суға деген қажеттіліктің артуына байланысты ағымдағы жылдың наурыз және маусым айларында Шардара су қоймасынан машиналық су беру каналы іске қосылды.

Қазіргі уақытта Министрлік су тапшылығын жою үшін су қоймаларынан санитарлық су жіберуді жүзеге асыруға мәжбүр.

Сондай-ақ, Қызылорда облысында Шардара су қоймасына судың аз келуіне байланысты шілде айында суармалы жерлерді, әсіресе күріш дақылдарын сумен қамтамасыз ету бойынша шиеленісті жағдайдың туындауы жоққа шығарылмайды.

Алматы облысы бойынша және Жетісу облысы бойынша су шаруашылығы жағдайы тұрақты. Осы салалардағы барлық су қоймалары вегетациялық кезеңге бекітілген кестеге сәйкес жұмыс істейді.

«Жалпы, Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарындағы су шаруашылығы жағдайы шиеленісті күйінде қалып отыр. Жағдай тұрақты бақылауда және Министрлік судың аздығының салдарын жеңілдету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады», – деп түйіндеді С.Нұрымбетов.