Арал теңізінің құрғаған табанына сексеуіл көшетін отырғызу акциясы өтуде

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында. https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/743413?lang=kk

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Н.Қ. Шәрбиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы М.М. Мырзағалиев, Қызылорда облысының әкімі Н.М. Нәлібаев Арал теңізінің құрғаған табанына сексеуіл көшетін отырғызу акциясына қатысты.

Қазіргі таңда әлемдік қауымдастық Аралдың жоғалуын адамзат тарихындағы үлкен экологиялық дағдарыс деп бағалады. Себебі Арал теңізінің құрғауынан, жыл сайынғы шаңды және тұзды дауылдар, аймақтағы экологияның бұзылуына, сонымен қатар, халықтың денсаулығының күрт нашарлауына (бүйрекке тас байлану, өкпе-тыныс жолдарының қабынуына) әкелді.

Арал теңізінің құрғаған табанында ұшқан тұз бен құмды тоқтатудың бір ғана нәтижелі жолы бар. Ол – теңіз табанына агротехникалық талаптарды орындау арқылы суарусыз және тұздалған топыраққа бейім галофитті өсімдіктерді (сексеуіл, сарысазан, қарабарақ, жыңғыл) отырғызу.

Атап өту керек, бір түп сексеуіл 4 тонна көшкін құмды тоқтатуға ықпал жасайды. Мамандардың бақылауы бойынша бір жылдық сексеуіл екпесі жел жылдамдығын 20,5%-ға, екі жылдығы 34,6%-ға, ал 5 жылдық екпе 87,4%-ға төмендетеді.

Қазіргі таңда, Арал теңізінің құрғаған табанының жалпы ауданы шамамен 6 млн. га құрайды, оның 2,8 млн. га Қазақстан Республикасына тиесілі.

Еліміз қазіргі таңда Арал теңізінің құрғаған табанында жалпы аумағы 377,2 мың га жерді орманды алқапқа айналдыруға қол жеткізді.

Сонымен қатар жасалынған жұмыстарға Дүниежүзілік банк, Германияның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қоғамы (GIZ), Кореяның орман қызметі және т.б. халықаралық ұйымдар қолдауымен Арал теңізінің құрғаған табанына сексеуіл көшетін отырғызу жұмыстарын жүргізуге үлесін қосуда.