Орталық Азия елдері мен ЮНЕП өңірлік экологиялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1233735?lang=kk

Самарқанд, 2026 жылғы 3 маусым. Жаһандық экологиялық қордың (GEF) Сегізінші Ассамблеясы аясында Орталық Азия елдерінің табиғат қорғау ведомстволарының басшылары мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының (ЮНЕП) Атқарушы директоры Ингер Андерсеннің кездесуі өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Экология және климаттың өзгеруі жөніндегі ұлттық комитеттің төрағасы Азиз Абдухакимов, Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрағасы Баходур Шерализода, сондай-ақ Қырғыз Республикасы мен Түрікменстанның өкілдері қатысты.

Кездесу барысында өңірлік экологиялық күн тәртібінің өзекті мәселелері қаралды. Қатысушылар соңғы жылдары экологиялық мәселелер жоғары деңгейдегі өңірлік диалогта маңызды орын алып отырғанын атап өтті. Ортақ күн тәртібін ілгерілетуге Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит елеулі үлес қосып, өңірдің экологиялық сын-қатерлерін шешудің келісілген тәсілдерін қалыптастыруға арналған маңызды алаңға айналды.

Ауа сапасын жақсарту және осы саладағы өңірлік ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан Орталық Азия елдерімен және ЮНЕП-пен құмды және шаңды дауылдардың теріс әсерін азайтуға, атмосфералық ауа мониторингі жүйелерін жетілдіруге және экологиялық деректермен алмасуға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыру бойынша одан әрі өзара іс-қимыл жасауға дайын екенін растады.

Тараптар халықаралық табиғат қорғау келісімдері, оның ішінде Монреаль хаттамасы шеңберіндегі өзара іс-қимыл мәселелеріне, сондай-ақ ЮНЕП-пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және Орталық Азияның жаһандық экологиялық үдерістердегі рөлін арттыруға ерекше назар аударды.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар өңірлік әріптестікті дамытуға бейілділігін растады және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, табиғи капиталды сақтау және Орталық Азиядағы тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу бағытында бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.