Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1234956?lang=ru
Самарқанд қаласында өтіп жатқан Жаһандық экологиялық қор (ЖЭҚ) 8-ші Ассамблеясының пленарлық сессиясында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеме жасады.
Өз сөзінде Министр Орталық Азия елдерінің климаттың өзгеру салдарларына ерекше осал екенін атап өтті. Атап айтқанда, мұздықтардың еруі, жердің тозуы, су ресурстарының тапшылығы және биоалуантүрліліктің азаюы сияқты өзекті мәселелерге назар аударылды. Осы орайда өңірдің ортақ экологиялық сын-қатерлерін шешу үшін халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығы атап өтілді.
Қазақстан делегациясының басшысы еліміздің халықаралық экологиялық міндеттемелерді орындауға бейілділігін растады және ЖЭҚ-9 жаңа циклі аясындағы басым бағыттарды белгіледі. Олардың қатарында биоалуантүрлілікті сақтау, қалдықтар мен химиялық заттарды басқару саласындағы жобаларды дамыту, сондай-ақ трансшекаралық су ресурстары бойынша ынтымақтастықты кеңейту бар.
Сонымен қатар, Қазақстандағы ЖЭҚ жобаларының жаңа портфелін қалыптастыруға және Орталық Азияның климаттық тұрақтылығын арттыруға, сондай-ақ Арал өңірінің экожүйелерін қалпына келтіруге бағытталған өңірлік бастамаларды дамытуға ерекше назар аударылды.
Министр Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге аз уақыт қалғанын атап өтіп, халықаралық қауымдастықты қабылданған шешімдерді іс жүзінде жүзеге асыруға, инвестицияларды кеңейтуге және нақты нәтижелерге қол жеткізуге шоғырлануға шақырды.