Бүгін, Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Экология және табиғи ресурстар министрлігінде салтанатты шара өтті.
Министр жиынға қатысушыларды және барлық мемлекеттік қызметтегі әріптестерді кәсіби мерекесімен құттықтады.
Министр атап өткендей, «Бұл мереке халыққа адал қызмет етіп, еліміздің дамуы мен өркендеуіне күнделікті үлес қосып келе жатқан азаматтардың кәсіби мерекесі.
Мемлекеттік қызмет жауапкершілікті, кәсібилікті және өзін-өзі жетілдіруге үнемі ұмтылуды талап етеді».
Қазақстан Респубикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Үздік мемлекеттік қызметші» ведомстволық төсбелгісімен Министрліктің Заң қызметі департаменті директорының орынбасары А. Молдабекова марапатталады.
Сонымен қатар, Астана қаласындағы Еуразия экономикалық форумының нәтижесі бойынша, табиғатты қорғау ісіне және жолбарысты тарихи мекендеу ортасына қайтару жөніндегі халықаралық жобаны жүзеге асыруға елеулі үлес қосқан азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімі өтті.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 9 маусымдағы №1309 Жарлығына сәйкес Астана қаласындағы Еуразия экономикалық форумын жоғары деңгейде өткізуге, сондай-ақ елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» медалімен бір қатар қызметкерлер марапатталды.
Өздеріңізге мәлім, Мемлекет Басшысының тапсырмасын орындау аясында «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватында жолбарыстың мекендеу орындары қалпына келтірілді, азық базасы дайындалып, ғылыми сүйемелдеу қамтамасыз етілді. Ресей Федерациясынан алғашқы төрт жолбарыстың жеткізілуі – жобаның маңызды кезеңі.
Бұл тек Қазақстан үшін емес, биоәртүрлілікті жаһандық деңгейде сақтауға қосылған маңызды үлес. Жолбарыстың қайта оралуы – еліміздің табиғат қорғау саласындағы маңызды белесі.
Құттықтау сөзінде Министр, осы жетістікке үлес қосқан табиғат қорғау саласының мамандарына, ғалымдарға, «Іле-Балқаш» резерватының қызметкерлеріне, халықаралық сарапшыларға және жобаның барлық қатысушыларына алғысын білдірді.