Қазақстан Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері Орталық Азияға арналған Жасыл климат қорының өңірлік жобасын әзірлеу жөніндегі Жұмыс тобының алғашқы отырысына қатысты

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресуртарт министрлігі ресми сайтында https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1292368?lang=kk

2026 жылғы 14 қыркүйек, Сеул қаласы, Корея Республикасы. Орман шаруашылығы және климаттық іс-қимыл мәселелері жөніндегі Корея – Орталық Азия министрлік форумы аясында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері Орталық Азия елдеріне арналған Жасыл климат қорының (Green Climate Fund, GCF) өңірлік жобасын әзірлеу жөніндегі Жұмыс тобының алғашқы отырысына қатысты. Кездесуді Азия орман ынтымақтастығы ұйымы (AFoCO) ұйымдастырды.

Өңірлік жобаны әзірлеу бастамасын AFoCO 2026 жылғы наурызда Жасыл климат қорына тікелей қол жеткізетін өңірлік ұйым мәртебесін алғаннан кейін қолға алды. Жоба ормандар мен ландшафттарды қалпына келтіруге, климаттың өзгеруіне төзімділікті арттыруға және тұрақты күнкөріс көздерін қамтамасыз етуге бағытталған. Ағымдағы жылдың тамыз айында AFoCO Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен елдердің жобаға қатысуының ықтимал бағыттары бойынша алдын ала консультациялар өткізді.

Отырыс барысында өңірлік жобаны қалыптастырудың бастапқы тұжырымдамасы мен тәсілдері таныстырылды. Орталық Азия елдерінің өкілдері ұлттық басымдықтарды, ықтимал іс-шараларды, институционалдық тетіктерді, техникалық үлесті және бірлесіп қаржыландыру перспективаларын талқылады. Сондай-ақ жобаны одан әрі дайындау кестесіне және кейіннен Жасыл климат қорына ұсыну үшін келісілген өңірлік өтінімді қалыптастыруға ерекше назар аударылды.

Қазақстан тарапы деградацияға ұшыраған орман экожүйелерін қалпына келтіру, орман өсіру, ормандардың климаттың өзгеруіне төзімділігін арттыру және орман көміртегі жобаларын іске асыру үшін климаттық қаржыландыру тетіктерін пайдалануға мүдделі екенін атап өтті.

Қазақстанның GCF өңірлік жобасын әзірлеуге қатысуы халықаралық климаттық қаржыландыруды тарту, орман шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ экожүйелерді қалпына келтіру және климаттың өзгеруіне бейімделу саласындағы Орталық Азия елдерінің өңірлік ынтымақтастығын нығайтуға мүмкіндік береді.