АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда ауа сапасын бағалауға арналған экологиялық бекеттер жетіспейді. Бұл туралы бүгін Алматы әкімдігінде қала экологиясы мәселесіне арналған отырыста «Қазгидромет» РМК бас директоры Айбек Меңдіғарин мәлім етті. Отырысқа Алматы әкімі Бауыржан Байбек және ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев қатысты.

Өз сөзінде А. Меңдіғарин «Қазгидромет» РМК Алматы филиалы  ауа сапасына 16 стационарлық бекет арқылы мониторинг жасалатындығын айтты. Олардың ішінде 11 бекет автоматты түрде, ал қалған 5 бекет қолмен басқарылады.

Өлшеу жұмыстары тәулігіне 3-4 рет жүргізіледі. Кейін филиалдың зертханаларында сараптама жасалады.

Мониторинг қаланың Наурызбай ауданынан басқа аудандардың  барлығын қамтиды.

Сонымен қатар, жылжымалы зертхананың көмегімен де қаланың белгіленген 10 нүктесінде мониторинг жүргізіледі. Алынған ақпараттардың барлығы өңделіп, ресми сайтта ай сайынғы бюллетенде жарияланады.

«2014 жылы «Қазгидромет» ауа сапасын бағалаудың жаңа жүйесін енгізді. Бұл әдістеме ауаның ластану деңгейі бойынша шынайы деректер алуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда сол әдістеменің деректеріне сүйенсек, Алматы қаласының ауасы жоғары дәрежеде ластанған. Стандарттық көрсеткіші – 3,1», – деді А. Меңдіғарин.

Сонымен қатар, «Қазгидромет» басшысы сөз соңында қалада экологиялық бекеттердің жетіспей жатқандығын атап өтті.

«Алматыда 1,7 млн. адам тұрады. Ағымдағы нормаға сәйкес, 50 мың адамға 1 экологиялық бекеттен келеді. Яғни, Алматыдағы ауа сапасына шынайы баға беру үшін 33 экологиялық бекет қажет. Ал бізде бар болғаны 16 бекет бар. Оның өзінде 5 бекет қолмен басқарылады. Сол үшін бізге қосымша бекеттер өте қажет», – деді ол.

 Дерек көзі: www.inform.kz