Дереккөз: www.24.kz

Бүгінде құрылғанына 85 жыл толып отырған Алматыдағы әйгілі ботаникалық бақта заманауи әдістер қолданылып, қайта түлейді. Бұл туралы Алатау баурайында өткен шетелдік ғалымдардың басқосуында айтылды. Конференция барысында қазақстандық ботаникалық бақ өкілдері жаңа келісімдерге де қол жеткізді.

Тек Алматыда ғана емес, бүкіл Қазақстандағы жасыл желекті дамытуда үлесі зор ботаникалық бақтың қорында қазір 258 мың өсімдік түрі бар. Оның елу бес мыңын бақ аумағынан көруге болады. Олардың арасында 3 мың жыл бұрын жер бетінен жойылып кете жаздаған Гинкго билоба өсімдігі де бар. Ми қызметінің жақсы жұмыс істеуіне таптырмас ем саналатын ағашты мамандар ботаникалық бақтан тыс жерге жерсіндеру жолдарын қарастырып жатыр.

Эльмира Саметова, Ботаника және фитоинтродукция институтының ғылыми қызметкері:

– Қазақстан бойынша сирек кездесетін, жоғалып кеткен өсімдіктер осы бақта сақталып, өсіп жатыр. Бүкіл Қазақстаннан жиналған, басқа мемлекеттен АҚШ, Мексикадан әкелінген өсімдіктердің бәрі осы жерде өсіп жатыр.

Енді Алматы ботаникалық бағын қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынбақ. Оған  Нью-Йорк пен Лондонның жасыл желекті дамытудағы тәжірибесі қолданылатын болады. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін арнайы құрылған қор қазір тың жобаларды талқылап, қаржы көздерін қарастырып жатыр. Қазір бақтың арық жүйелері, жүргінші жолдары жаңартылып, көше шамдарын әсемдеу қолға алынды.

Арна Әкімбаева, Бас ботаникалық дамыту қорының атқарушы директоры:

– Әзірге қанша жоба жүзеге асырылатынын айта алмаймын. Біздің мақсат – ботаникалық бақты Нью-Йорк немесе Лондондағы ботаникалық бақтар сияқты халықаралық талапқа сай ету.

Ботаникалық бақтың 85 жылдығына арнайы шақырылған 14 елдің өкілдері Алматының мақтанышымен танысып, халықаралық конференцияда өз ойларымен бөлісті. Жиын барысында Венгрия мен Алматы ботаникалық бақ өкілдері жасыл желекті жерсіндіріп, дамытуда тәжірибе алмасу жөнінде келісті.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон