Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау, ұтымды пайдалану бойынша шаралар қабылданды

Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/documents/details/243132?directionId=14790&lang=kk

2021 жылғы 20-22 желтоқсан аралығында Қазақстан Республикасының төрағалығымен Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау, ұтымды пайдалану және олардың бірлескен қорларын басқару жөніндегі үкіметаралық комиссияның 5-ші отырысы өтті.

Комиссия отырысы конструктивті ынтымақтастық, тату көршілік және өзара түсіністік рухында өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану мақсатында бірқатар маңызды шешімдер қабылданды.

Атап айтқанда, 2022 жылға арналған жалпы рұқсат етілетін аулау бойынша ұсынымдар қабылданды және бірлескен су биологиялық ресурстарын аулау квоталары (көлемдері) келісілді, сондай-ақ Каспий теңізінде су биологиялық ресурстарын заңсыз кәсіпшілікпен (браконьерлікпен) күрес саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама жобасының бірқатар ережелері талқыланды және келісілді.

Бұдан басқа, тараптар бекіре тұқымдас балық түрлерін коммерциялық аулауға тыйым салуды 2022 жылға ұзартуға келісті.

Сонымен қатар, комиссия Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын бақылау, қорғау және мониторингі жөніндегі жұмыс тобын құру туралы шешім қабылдады.

Отырыс аяқталғаннан кейін тиісті хаттама жасалды.