Орталық Азия БҰҰ КӨНК Тараптарының 28-ші Конференциясы жолында: 5 ел – 1 аймақ – 1 дауыс

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында. https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo?lang=kk

2023 жылғы 7 қарашада БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі бойынша негіздемелік конвенциясы (COP-28) Тараптарының 28-Конференциясы шеңберінде ұйымдастырылған «Орталық Азия БҰҰ КӨНК Тараптарының 28-ші Конференциясы жолында: 5 ел – 1 аймақ – 1 дауыс» аймақтық форумы өтті.

Форум «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ және Орталық Азия аймақтық экологиялық орталығының ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамының (GIZ) және АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен өтті.

Форумға Орталық Азия елдерінің климат бойынша көшбасшылары, Қазақстанның мемлекеттік органдары мен бизнес қоғамдастық өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар, үкіметтік емес ұйым өкілдері, жастар мен БАҚ өкілдерінен бас-аяғы 200-ден аса адам қатысты. Аймақтық форум алаңында Орталық Азия елдерінің Климаттық күн тәртібі, сондай-ақ COP-28-де аймақтың негізгі мәселелерін дайындау процестері талқыланды.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев құттықтау сөзімен ашты. Министр форумның қатысушыларға ой алмасып, ортақ басымдықтарды әзірлеуге және климаттың өзгеруіне қарсы күресте бірлескен стратегияларды әзірлеуге бірегей мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар, Ерлан Нұралыұлы климаттың өзгеруін азайту және оларға бейімделу шараларын енгізу ұзақ мерзімді тұрақтылыққа қол жеткізуге және болашақ ұрпақ үшін табиғи мұрамызды сақтауға ықпал етеріне сенім білдірді.

БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори Қазақстанның 2026 жылы өтетін БҰҰ-ның Климат бойынша Аймақтық Саммитін өткізу жөніндегі бастамасын атап өтіп, барлық қатысушыларды Орталық Азияның Климаттық күн тәртібі бойынша диалог құруға және ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін халықаралық әріптестермен ынтымақтастық орнатуға шақырды.

Аймақтың форум 2 негізгі сессиядан тұрды. Бірінші сессия Орталық Азиядағы Климаттық күн тәртібін талқылауға арналды.

Форумның екінші сессиясы маңызды тақырып – халықаралық ұйымдардың рөлін және олардың Орталық Азияны одан әрі тұрақты дамыту бойынша көзқарасын талқылауға арналды.

Айта кету керек, ағымдағы жылы COP-28 30 қараша мен 12 желтоқсан аралығында БАӘ астанасы Дубайда өтпек. Іс-шараның басты ұраны «Бірігу. Әрекет ету. Іске Асыру» («Unite. Act. Deliver»). COP-28 талқылауының негізгі тақырыбы митигациялық амбициялар мен шығарындыларды азайту және қолжетімді ресурстар арасындағы байланыс болып қала береді.

COP-28-де Орталық Азия елдерінің павильоны жұмыс істейді. Павильонда бағдарламаға  сәйкес бірқатар тақырыптар бойынша іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Олар:

  • экономиканы декарбонизациялау
  • жасыл қаржыландыру жүйесін дамыту
  • көміртегі нарықтары
  • биосаналуандылықты сақтау
  • су секторын қоса алғанда, климаттың өзгеруіне бейімделу

Қазіргі уақытта Орталық Азия елдері COP-28-ге қатысу шеңберінде Орталық Азиядағы Климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі аймақтық стратегияның және Орталық Азия елдерінің өңірлік мәлімдемесінің жобаларын әзірледі, олар аймақ алдында тұрған Климаттық сын-қатерлерді, сондай-ақ климаттық күн тәртібі бойынша басымдықтарды көрсетеді. Бұл құжаттар қазіргі уақытта Орталық Азия елдерінің келісімінен өтуде.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының алдыңғы СОР өткен кезде ұсынған халықаралық бастамаларға қосылу мәселелері қаралып, ЖЭК дамыту саласындағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған бірқатар келісімдерге қол қойылады деп күтіліп отыр.

Анықтамалық ақпарат: БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы Тараптарының 28-Конференциясы (COP-28) – ең ауқымды экологиялық іс-шаралардың бірі, онда климаттың жай-күйі, оның өзгеруіне қарсы күрес және бейімделу шаралары талқыланады.

COP-28 БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясының (БҰҰ КӨНК), Киото хаттамасының және Париж келісімінің ережелерін іске асыру үшін келіссөздер процесінің жоғары органы. Бұл іс-шаралар бастапқыда шағын жұмыс сессиялары ретінде ұйымдастырылды. Уақыт өте келе олар БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдардың қолдауымен шақырылатын ірі форумдардың қатарына енді.