«Қаржылық тәуекелдерді үлестіру және ядролық-энергетикалық бағдарламалардағы экономикалық мәселелер» семинарына Пресс-релиз

Дереккөз: www.energo.gov.kz

2018 жылғы 26-29 маусым аралығындағы мерзімде Ақмола облысының Бурабай кентінде Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі (АЭХА) сарапшыларымен және мүдделі ұйымдардың өкілдерімен ынтымақтаса отырып, «Қаржылық тәуекелдерді үлестіру және ядролық-энергетикалық бағдарламалардағы экономикалық мәселелер» тақырыбында семинар өткізілді.

Семинар жұмысына ҚР Энергетика министрлігінің, ҚР Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерінің, «ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК-ның, «Ядролық физика институты» РМК-ның, «Геофизикалық зерттеулер институты» РМК-ның, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның және «Қазақстан атом электр станциялары» АҚ-ның өкілдері қатысты.

Сарапшылар жаңа атом электр станцияларының жобаларын қаржыландырумен байланысты тәуекелдерді басқару жөнінде, АЭС құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесінің рөлі мен сипаттамасы туралы өзекті ақпаратты ұсынды. АЭХА сарапшылары қатысушыларды ядролық бағдарламаны қолдау мен ядролық-отын циклінің соңғы кезеңіндегі міндеттемелерді қаржыландыру бойынша Ұлыбритания мысалында халықаралық тәжірибемен таныстырды.

Топтық тәжірибелік сабақтар кезінде қатысушылар АЭС салу жобасы бойынша қаржылық модельдердің түрлерін өз беттерінше қалыптастырды, негізгі жобалық тәуекелдерді анықтады, сондай-ақ АЭС жобасын іске асыруды бастаумен байланысты олқылықтарды және оларды шешу жолдарын анықтады.

Топтық оқулар нәтижесі бойынша халықаралық сарапшылар оң бағасын беріп, орындалған жобаларға ұсынымдар, кеңестер мен ескертулерін ұсынды.

Семинар шеңберінде қатысушылар алған білімдер мен дағдыларын атом саласын дамытудың қазақстандық бағдарламасын іске асыру кезінде пайдаланатын болады.

photo_2018-07-03_14-55-27