«Сарыарқа» газ құбырының құрылысына тың технологиялар қолданылады

Дереккөз: 24.kz

«Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылысына Чехияның әйгілі компаниясы қатысады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көгілдір отынды елді мекендерге тарату үшін көптеген қосалқы бөлшектер керек. Ал бұл салада Қазақстанның тәжірибесі аздау. Енді чех технологиясы бойынша бұл құрылғылар отандық кәсіпорындарда жасалады. Қарағандыдағы кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуде тараптар жұмыс жоспарын пысықтады.

Айта кетейік, «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана» бағыты бойынша салынатын «Сарыарқа» магистральды газ құбыры болашақта 3 миллион тұрғынды көгілдір отынмен қамтамасыз етеді. Оның 820 шақырымы Қарағанды облысы арқылы өтеді. Өңірдегі 5 ірі қала мен 119 елді мекенге газ тартылады.

Генадий Копьяк, Кәсіпкерлер палатасы жанындағы машинақұрылысы комитетінің төрағасы:

– Дәл қазіргі уақытта Қазақстанда өндірілмейтін қосалқы бөлшектердің сызбаларын, жасалу технологиясын чехтардан алмақпыз. Қысым датчигі, газ есептегіш секілді көптеген қондырғыларды өзімізде өндірсек, бағасы да анағұрлым арзанға түседі. Бұл бағытта жұмыс істейтін мамандарды оқуға жіберіп, біліктілігін жетілдіруіміз керек.