Каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілмек

Дереккөз – www.inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізу мәселесі қарастырылды. Бұл туралы ҚазАқпарат Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметке сілтеме жасап хабарлайды.

2020 жылғы 24 шілдеде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінде видеоконференциялық байланыс арқылы «Гидробиология және экология институты» мен «Орталық Азиялық экологиялық зерттеулер институты» ЖШС өкілдерінің қатысуымен балық шаруашылығы мәселелері жөніндегі Ведомствоаралық зоологиялық комиссияның отырысы өтті.

«Комиссия отырысында каспий итбалығын (Pusa Caspica) өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң тiзбесiне енгізу ұсынысы қолдау тапты.

Итбалықтарды қорғауға ықпал ету үшін және болашақта ерекше қорғалатын табиғи аумақ құруға маңызды бастамалардың бірі болмақ. Қазіргі уақытта каспий итбалығы басқа Каспий маңы мемлекеттерінің Қызыл кітабына енгізілген», – деді Сәкен Ділдахмет.