Ақтөбенің экологиялық проблемаларын шешетін жол картасы әзірленбек

Дереккөз – www.inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарт – Ақтөбе облысының эко-белсенділері мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мамандары облыстың экологиялық проблемаларын кешенді шешудің жол картасын әзірлейді. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев өзінің Twitter-дегі парақшасында жазды.

«Ақтөбе облысы жұртшылығы өңірдегі экологиялық ахуал туралы әлеуметтік желіде бірқатар мәселелер көтеруде. Бүгін эко-белсенділермен, жұртшылықпен осы себеппен онлайн-кездесу өткіздік. Қатысушылар атмосфералық ауаны мониторингілеу, ластаушы көздер туралы толғандырған мәселелерді, сондай-ақ проблемаларды шешудегі өз көзқарастарын білдірді», – деді министр.

«Кездесу қорытындысында эко-белсенділермен бірге жақын аралықта эмиссияларды қысқарту, жасыл белдеуді дамыту, өндіріс қалдықтарын басқару шараларын қарастыратын облыстың экологиялық проблемаларын кешенді шешудің жол картасын жасап, бекіту келісілді», – деп хабарлады М.Мырзағалиев.
Бұл шаралардың барлығы кейіннен өңірдегі әкімдікпен бірге іске асырылады, деп нақтылады ол.