Атмосфералық ауаны қорғау жаңа Экологиялық кодекстің маңызды нормаларының бірі – Айгүл Соловьева

Дерек көзі – gov.kz

Халық жергілікті атқарушы органдармен және мәслихаттармен бірлесіп, ауа сапасының қажетті деңгейіне қол жеткізу үшін жаңа экологиялық кодекстің қолда бар құралдарын пайдалануы қажет. «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының Қауымдастығы» ЗТБ Басқарма төрағасы Айгүл Соловьева ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ұйымдастырған Алматы қаласы тұрғындарына Экокодекс нормаларын түсіндіру жөніндегі жұмыс кездесуі барысында осындай пікір білдірді.

Оның айтуынша, жаңа Экокодексте атмосфералық ауаны қорғауға, ластаушы заттардың шығарындыларын азайту бойынша кешенді шаралар қабылдауға баса назар аударылған.

«Биылғы жылы қол қойылған жаңа Экологиялық кодекс қоршаған ортаны қорғаудың жаңа тәсілдерін анықтады. Басты назар дамыған елдердің, атап айтқанда экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының тәжірибесін пайдалануға аударылды. Құжатта атмосфералық ауа сапасының экологиялық нормативтеріне және атмосфералық ауаға рұқсат етілген антропогендік әсерге қойылатын талаптар белгіленген», – деп атап өтті сарапшы.

Оның айтуынша, қолданыстағы реттеу қоршаған орта жағдайының айтарлықтай жақсаруына әкелмейді.

«ЭЫДҰ сарапшыларының пікірінше, негізгі экологиялық нормативтік-құқықтық базаны жылдам реформалау Қазақстанда жасылдандыруды арттыру үшін кең мүмкіндіктер ашуы мүмкін. Кодекс қоршаған ортаны қорғау, сақтау және қалпына келтіру, сондай-ақ тұрақты дамуды қамтамасыз ету және адам өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы қоршаған ортаны қамтитын 14 негізгі міндетке ие», – деп толықтырды Айгүл Соловьева.

Сонымен қатар, қауымдастық басшысы Экокодекс аясында белгіленген экологиялық нормативтерден асып кету анықталған жағдайда экологиялық рұқсат шығарындыларды қолайлы деңгейге дейін азайту, атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі іс-шараларды орындау жағдайында ғана берілетінін атап өтті.

«Заттардың қоршаған ортаға ықтимал теріс әсерін бағалау процесінде халық денсаулығына зиян келтіру қаупі үнемі маңызды фактор ретінде қарастырылады. Кодекстің осы бағытында жол берілетін шығарындылар нормативтерінің сақталуына мониторинг қарастырылған. Жергілікті өкілді органдар мемлекеттік экологиялық мониторинг нәтижелері бойынша қатарынан үш жыл ішінде атмосфералық ауа сапасының нормативтерінен тұрақты асып кету анықталған жағдайда, атмосфералық ауаға антропогендік жүктемені азайту үшін тиісті шектеулер енгізуге құқылы», – деді спикер.