Экология министрлігінің басшысы Қазақстанның еңбек сіңірген геологына «Еңбек ардагері» медалін тапсырды

Дерек көз – gov.kz

Бүгін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанның еңбек сіңірген геологы Олег Казанцевтің 85 жылдығына орай мерейтой иесіне «Еңбек ардагері» медалін табыстады.

«Геология саласы ел экономикасының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Пайдалы қазбалардың кен орындары қаншалықты зерттелгеніне өңірлердің материалдық-шикізат базасының жай-күйі байланысты. Сондықтан Сіз сияқты сарапшылардың саланың қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі өте маңызды. Сіз геологиялық барлау саласындағы көптеген жобалар мен бағдарламалардың авторысыз. Сіз жас ұрпақпен баға жетпес біліміңізді бөлісуді жалғастыра берудесіз», – деп атап өтті министр.

Олег Казанцев 1999 жылдан бастап қорлар жөніндегі мемлекеттік комиссияның сарапшысы болып табылады, ол қорларды есептеу мен алтын, мыс және басқа да пайдалы қазбаларға арналған кондициялардың ТЭН бойынша 45-ке жуық сараптама жүргізді. 1959 жылы еңбек жолын КСРО Геология министрлігінің Батыс-Сібір геологиялық басқармасында бастады. Ол елдегі алтын мен басқа да металдарды барлау мен өндіруге үлкен үлес қосты. «Қазақстан Республикасының жер қойнауының құрметті барлаушысы» атағына ие.