АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан экологиялық тұрақтылық бойынша Мыңжылдық даму мақсатын тиісті межеге жеткізген жоқ. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісіндегі «Орнықты даму және Париж келісімінің мақсаттырын іске асыруды заңнамалық қамтамасыз ету» тақырыбындағы конференцияда орнықты даму саласындағы халықаралық сарапшы Болат Есекин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мыңжылдықтың көптеген мақсаттарын Қазақстан орындады. Мәселен, кедейшілікті жою мақсаты болған еді және ол 2004 жылы орындалды. Жалпыға ортақ бастапқы білім бағытындағы көзделген мақсат межесіне жетті. Гендерлік теңдік, құқықтарды кеңейту жалпы алғанда орындалды…  Алайда, Қазақстан орындамаған жалғыз мақсат – ол экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету»,-деді Болат Есекин.

Осы ретте ол қалдықтар мен шығарындылар көлемі, қоршаған ортаны ластау, шөлейттену секілді параметрлер өсіп келе жатқанын атап өтті. Сондықтан да экологиялық тұрақтылық тұрғысында бұл мақсатты еңсеруге екпін қою керек болып тұр.

Мыңжылдық даму мақсаттары аясында негізгі сегіз мақсат-міндет қамтылған және оған БҰҰ-ға мүше 193 мемлекет пен 23 халықаралық ұйым 2015 жылға қарай қол жеткізуге уәде  етті. Осы орайда жоқшылық ауқымын, балалар өлім-жітімін төмендету, эпидемиялық аурулармен күрес секілді бағыттар қамтылған.

Дереккөз: lenta.inform.kz