Источник – gov.kz
Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!
Құрметті әріптестер!
2021 жылғы вегетациялық кезеңнің өтуі туралы қысқаша баяндауға рұқсат етіңіздер.
Еліміздің оңтүстік өңірлерінде (Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда) вегетациялық кезең суы аз циклі жағдайында өтуде. Осы аймаққа жалпы суармалы судың 97 пайызы тиесілі.
Алматы облысы бойынша айтсақ, Іле Алатауының оңтүстік беткейіндегі өзен бассейндерінде жауын-шашын нормадан отыз тоғыз пайызға төмен. Таулардағы қар қоры нормадан бестен қырық екі пайызға (5-42%) дейін төмен. Шағын және орта су қоймаларының толымдылығы вегетациялық кезеңнің басында шамамен жетпіс бес-сексен пайызды (75-80%) құрады.
Жамбыл облысы бойынша тоқталсам. Шу және Талас өзендерінің бассейндерінде судың деңгейі жиырма – жиырма бес (20-25%) пайызға төмен. Осы өзендердің барлық ағыны Қырғыз Республикасының аумағында қалыптасады. Суы аз циклі кезіңде мемлекетаралық су объектілері бойынша келісілген көлемде су алу барысында қиындықтар туындауда.
Түркістан және Қызылорда облыстары бойынша айтсам, Сырдария өзеніндегі судың деңгейі Тоқтоғұл су қоймасының толтырылуына байланысты. Ағымдағы вегетациялық кезеңнің басында аталған су қоймасының көлемі соңғы 5 жылдағы ең төмен көрсеткішке тең болды. Вегетациялық кезеңнің басындағы норма он бес (15) млрд.куб.метр болса, осы жылғы бірінші сәуірде сегіз бүтін оннан жеті (8,7) млрд.куб.метр болды.
Арыс өзені ағынының нормасымен салыстырсақ сегіз пайыздан (8%-73%) жетпіс үш пайызға дейін төмен. Тау өзендерінің орташа ағысы нормадан жиырма бес пайызға (25%) төмен.
Бұл жағдайда көршілес елдермен қабылданған келісім маңызды рөл атқарады. Осылайша, қырғыз елімен қосымша су тастауға келісімге келдік. Атап айтсақ, вегетация шыңында (маусым-тамыз) Тоқтоғұл су қоймасынан қосымша үш жүз отыз (330) млн.куб.метр су қабылданатын болады.
Осы су көлемін Өзбекстан аумағы арқылы өткізу жөнінде де уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Сондай-ақ, тәжік және өзбек тараптарымен бірлесіп «Бахри Точик» су қоймасының жұмыс режимі бойынша келісімдер жүргізілуде. Атап айтқанда, қазақстандық тарап үшін үш жүз он бес (315) млн.куб.метр көлемінде «Бахри Точик» су қоймасынан қосымша су беру бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. Оның орнына тәжік тарапы сексен (80) тонна дизель отыны, отыз (30) тонна дизель майы және 1 экскаватор түрінде материалдық-техникалық қолдау көрсетуді сұрайды.
Осыны ескере отырып, ақпан-наурыз айларында біз Ауыл шаруашылық министрлігімен өңірлерге барып кеңестер өткіздік. Қалыптасып отырған су шаруашылығы жағдайы туралы жан-жақты хабардар еттік. Және суды көп қажет ететін дақылдардың егістігін азайтуды ұсынып, вегетация кезеңіне тиісті дайындықтарды өткіздік.
Алматы облысы бойынша ағымдағы жылы жоспарланған төрт жүз қырық тоғыз (449) мың гектар суармалы жердің үш жүз жетпіс бір (371) мың гектары бойынша егу жұмыстары өтті. Кейбір жерлерде егіс жұмыстары жалғасуда.
Жалпы, вегетация кезеңі аса бір қиын өтіп жатыр деп айтуға болмайды.
Бірақ, Іле өзеніндегі былтырғы вегетация кезеңінде өзен ағысының көпжылдық деректерімен салыстырғанда ағын көрсеткіші нормадан жетпіс (70%) пайызға төмен болды. Және былтыр Қапшағай су қоймасы бойынша қиын жағдай қалыптасқанын ескеру қажет. Бұл жайт ағымдағы жылы да қайталануы мүмкін.
Осыған байланысты облыс әкімдігі қала тұрғындарын ауыз сумен тұрақты және үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында Қапшағай және Ақдала, Шеңгелді суармалы алқаптарында тиісті іс-шаралар қабылдау қажет.
Жамбыл облысы бойынша биыл суармалы жерлер алаңында барлығы жүз он (110) мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды (жоспар бойынша 191,8 мың га). Оның ішінде бүгінгі күні қырық сегіз бүтін төрт (48,4) мың гектары суарылды.
Қазіргі уақытта Қордай ауданында Қырғызстаннан келетін суармалы судың тұрақты берілмеуі байқалуда. Сонымен қатар, ыстық ауа-райының қалыптасуы әсер етуде.
Осыған байланысты Қордай, Байзақ, Жамбыл және Талас аудандарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Шаруашылықтар арасындағы су кезектілікті сақтай отырып, су айналымы әдісімен беріледі.
Қызылорда облысы бойынша Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмен болуына байланысты облыстың суармалы жерлерін, әсіресе күріш егістіктерін сумен қамтамасыз ету бойынша күрделі жағдай жалғасуда.
Әкімдіктің деректері бойынша 2021 жылға арналған егіс жоспары шамамен жүз сексен сегіз (188) мың гектар құрайды. Оның ішінде сексен төрт бүтін төрт (84,4) мың гектарына күріш егу жоспарланған болса, бүгінгі таңда нақты сексен үш (83) мың гектар егілді. Бұл былтырға қарағанда жеті (7) мың гектарға аз.
Су аздығы салдарын жеңілдету үшін «Қазсушар» мекемесі күшімен гидротехникалық және ұйымдастыру шаралары қабылданады. Атап айтсақ:
– магистралдық каналдар бойынша суды кезекпен беруді қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде;
– Әйтек каналының жоғарғы бьефінің деңгейін көтеру мақсатында Қызылорда гидроторабының төменгі ағысына қосымша су ағызылады;
– Қызылорда гидроторабының төменгі ағысына ағызылатын су көлемінің есебінен Қараөзек арнасы арқылы Қазалы ауданын суаратын сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде, онда су деңгейі сағат сайын бақылануда.
Түркістан облысы бойынша 2021 жылға жоспарланған егіс көлемі төрт жүз қырық (440) мың гектар құрайды. Оның ішінде күріш алқаптары – екі (2) мың гектар. (Шардара ауданы бойынша 1200 га, Мақтаарал ауданы бойынша 500 га, Жетісай ауданы бойынша 380 га).
Осы аймаққа келетін ағынның шамамен сексен бес (85%) пайызы Өзбекстаннан келіп түседі. Осыған байланысты Сырдария өзеніне, Достық, Зах, Ханым мемлекетаралық арналарына түсетін ағын көлеміне тәуелді.
Шардара су қоймасының көлемі өткен жылмен салыстырғанда бес жүз елу (550) млн.куб.метрге аз болып тұр.
Анықтама үшін:
«Көкбұлақ» жармасы бойынша Сырдария өзенінің шығысы 67 м3/сек, Шардара су қоймасының көлемі 3,9 млрд.м3 құрайды. Барлығы 265,5 м3/сек шығынымен су қоймасынан шығару жүзеге асырылады. Оның ішінде Қызылқұм МК 45 м3/сек, машқанал 19,8 м3/сек, Қарасақал сорғысы 0,7 м3/сек, Сырдария өзенінің арнасына 200 м3/сек.
Бекітілген кестеге сәйкес Зах, Ханым, БКМК, Аққойлы және ВТК арналары бойынша жалпы шығыны 64 м3/сек болатын ҚР-ға ағын түсімі күтілді. Алайда, іс жүзінде 50 м3/сек келеді.
«Достық» каналында өтінімдердің ұлғаюына байланысты мамыр айының екінші онкүндігінен Шардара су қоймасынан машиналық су беру арнасы іске қосылды. Сонымен қатар, он төрт (14) дренаж ұңғымасы және үш (3) сорғы жұмыс жасауда.
Өтінімдердің ұлғаюы себебі күріш алқаптарының екі бүтін жеті (2,7) мың гектар артық егілуіне байланысты болып тұр. Яғни, екі мың гектардың орнына төрт мың жеті жүз гектар күріш егілді. Бұл қосымша жүз (100) млн.куб.метр суды қажет етеді.
Жалпы, вегетациялық кезеңде сумен қамтамасыз ету жағдайы министрліктің бақылауында. Су аздығы салдарын жеңілдету бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда.
Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, құрметті Асқар Ұзақбайұлы, келесідей тапсырма беруіңізді сұраймын:
Бірінші, барлық әкімдіктерге қалыптасқан жағдай мен қабылданып жатқан шаралар бойынша ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді;
Екінші, әкімдіктер «Қазсушар» мекемесінің филиалдарымен бірлесіп су берудің жедел онкүндік кестелерін одан әрі қатаң жүзеге асыра отырып, жоспарлы тәулік бойы су пайдалануды ұйымдастыруды.
Баяндама аяқталды. Назарларыңызға рахмет!