АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Тәуелсіздік сарайында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» сыйлығының шағын кәсіпорындарға берілетін алтын мүсіншесі лауреаттарын марапаттады.

Сонымен, «Үздік әлеуметтік-жауапкершілік кәсіпорны» аталымында Қызылорда облысындағы «Абзал және К» серіктестігі жеңіске жетті. Марапат серіктестік директоры Абзал Ералиевке табысталады. 2015 жылы компания спорт, білім беру, мәдениет және инфрақұрылым салаларын дамыту мақсатында 723 млн. теңге көлемінде қаржы бөліп, ерекше көзге түскен екен.

Ал «Еңбекті қорғау бойынша үздік кәсіпорын» номинациясында «Каспиан Салфа Компани» ЖШС топты жарған. Үкімет басшысының орынбасары Атырау облысынан келген компания директоры Дүйсенбай Елсейітовке сыйлықты табыс етті. Кәсіпорын 1 жұмысшының еңбегін қорғауға 296 мың теңге көлемінде қаржы жұмсайтыны белгілі болды.

«Үздік ұжымдық келісім» аталымында «Мойылды шипажайы» АҚ жеңіске жетті, марапат компанияның бас директоры Фуат Сатыбаевқа тапсырылады. Павлодар облысындағы бұл компанияның 1 жұмысшыға арналған әлеуметтік пакеті 133 мың теңгені құрайды.

Сондай-ақ Үкімет басшысының орынбасары Д.Назарбаева «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясында үздік деп танылған «ГорКомТранс» ЖШС-ның директоры Атпан Омарованы құттықтады. Кәсіпорынның аймақты абаттандыру және жасылдандыруға бөлген шығындары 800 мың теңгеге тең.

20151211150247

Автор: Кенжекей Тоқтамұратқызы

Источник: http://www.inform.kz/kaz/article/2848983