ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында студенттік құрылыс жасақтарында биыл студенттер мен жұмыссыз жастар есебінен 500-ден астам адамды жұмыспен қамту көзделуде.
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында өткізілген баспасөз мәслихатында БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Кенесары Нұршиновтың мәлім еткеніндей, 2015 жылы 8 құрылыс нысанында 324 жас жұмыс жасаған болатын. Өткен жылдан бастап студенттік құрылыс жасақтары «Нұрлы жол» нысандарында еңбек етуде. Бұл жұмыс биыл да жалғаспақ. Белсенді жұмыс беруші компаниялар қатарында «Отделстрой», «Азиятехстрой», «Болашақ-Т», «СВ плюс», «Жиенбай» және «Марасант» ЖШС-ны айтуға болады. Биыл жастар құрылыс нысандары, жол салу, электр желілерін тарту, су, жылу құбырларын жүргізу, әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеу жұмыстарына қатыстырылмақ. Олар Орал қаласында 6, облыс аудандарында 23 нысанда тер төкпекші.
«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары облыстық штабының жетекшісі Қанат Досмағамбетовтің сөзіне қарағанда, бұл бағыттағы жобаларды жүзеге асыруға 20,9 млн. теңге бөлінді. Барлығы 1200 жасты жұмыспен қамту жоспарланса, соның 400-і аудандарда. Қазіргі уақытта «Жасыл ел» жасақтары жасақталуда. Аталмыш бағдарлама Орал қаласымен қатар мемлекеттік орман шаруашылығы және жануарлар әлемі мекемелері бар алты ауданда (Ақжайық, Бөрлі, Теректі, Шыңғырлау, Зеленов және Бөкей ордасы) жүзеге асырылуда.
Айта кетейік, 2015 жылы «Жасыл ел» еңбек жасақтары қатарында 1600 жас (соның 400-і аудандарда) еңбек етіп, осы мақсатқа 19 млн. теңге жұмсалған болатын.
Источник: www.inform.kz