АСТАНА. ҚазАқпарат – Алдағы уақытта «жасыл» емес жобаларды қаржыландыру біртіндеп қиындай түседі. Бүгін ҚР Президенті жанындағы «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің IV отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осылай мәлім етті.
«Менің ойымша, бүгін «жасыл экономиканы» дамыту бағытындағы маңызды әңгіме өрбіді, бұл пікірталасты одан әрі жалғастыруға тиіспіз. Сонымен қатар, Энергетика министрі «жасыл» дамуды насихаттап, оны ілгерілететін бірінші адам болуы керек», – деді жиынды қорытындылаған Премьер-Министр. Оның пікіріне қарағанда, қазіргі күні «жасыл даму» бойынша нақты қадамнан гөрі әңгіме көбірек. Алайда, әлемдік дамудың біртіндеп сөзден іске көше бастайтын кезеңі тақап қалды.
«Әлемде нақты қаражаттар тартылмай бұл мәселелер туралы «құрғақ» әңгімелер болып жатқанда, осылай әңгіме айтып отыра беруге де болады, бірақ одан келер пайда да шамалы. Алайда, қаржы ағындары нақты іс-қимылға көше бастағанда, біз шынайы процессті аңғаратын боламыз, соған қазірден кірісе беруге тиіспіз. Өйткені, бүкіл әлем осы бағытты ұстануда. Сондықтан да, алдағы уақытта «жасыл» емес жобаларды қаржыландыру қиынға айналады, тіпті келе-келе ондайдан бас тартуымыз да ғажап емес. Өйткені, әлем осы жолды ұстанып отыр», – деді К Мәсімов. Бұл ретте Үкімет басшысы «G-20» елдерінің даму үдерісіне, бірінші кезекте АҚШ пен Қытайдың даму үдерісіне назар аударды.
«Біз осы үдерістен сырт қалуға тиіс емеспіз. Сосын, Президенттің бастамасымен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтетіні белгілі. Бұл Қазақстанның «жасыл» дамудағы старттық нүктесіне айналуы тиіс, осыған біз түбегейлі дайындықпен келіп, егер қажет болса өзіміздің даму жоспарымызға тиісті түзетулер де енгізуге әзірміз», – деді Үкімет басшысы.
Дерек көзі: www.inform.kz