Жасыл технологияларды дамыту жөніндегі орталық ашылды.  Қарағандылық шаруалар энергия үнемдеу тәсілін меңгереді. Қаладағы агротехникалық колледж базасында жасыл технологияларды тарату орталығы ашылды. Бұл әзірге еліміз бойынша құрылған бірден-бір орталық. Алдағы уақытта өзге қалаларда да пайда болмақ. Көп кешікпей өңір шаруалары өз кәсібінде энергия үнемдеуге мүмкіндік беретін технологияларды кеңінен қолданатын болады. Мамандар жаңа технологияның дамуына әр азамат үлес қосса, еліміздің экологиясы жақсарады деген сенімде. Осы мақсатта ашылған орталық заманауи технологияларды меңгеремін деушілерге дәріс бермек. Серік Нөгербеков,«G-Global» халықаралық хатшылығының басшысы: – Біз Қарағанды облысының азаматтарын жаңа технологияға, жасыл технологияға және инновациялық технологияларға оқытып, теория жағынан болсын, практика жағынан болсын, оқу қорытындысы бойынша сертификат береміз. Жасыл технологияларды тарату орталығының агротехникалық колледж базасында ашылуы да кездейсоқтық емес. Орталықта білім алатын азаматтарға колледж студенттері жасыл технологияны пайдалану жолдарын көрсетеді. Мұндағы зертханада күн батареялары, күн сәулесінен қуат алатын пеш, желдің күшімен электр энергиясын өндіретін жабдықтар бар. Бұлардың барлығы ауыл шаруашылығына қажетті құрылғылар,- дейді колледж мамандары. Сергей Жуков, техникалық шығармашылық зертханасының шебері: – Ғимараттың оңтүстік жағына мына терезені орнатамыз, бұл арқылы суды 70 градусқа дейін жылытуға болады, күніне 100 литр ыстық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Колледж жақын орналасқан жылыжайды желқағар, су жылытқыш және күн батареясымен қамтамасыз етіп отыр. Бұл жасыл технологиялар аталмыш оқу орнының ұстаздары мен студенттерінің өнертабысы. Сондықтан мақсатымыз – орталыққа келген шаруалармен тәжірибе бөлісу,- дейді студенттер.

Дерек көзі:  www.24.kz