Аймақта 2022 жылға дейін мыңға жуық трансформаторды жаңарту жоспарда. Сондай-ақ 20 электрмен қамту нысаны салынып, 4 мың шақырымнан астам желі мен 844 жабдық қайта жаңғыртылмақ. Бұл өңір халқын энергиямен тұрақты қамтып, шығынды 10 пайызға азайтуға мүмкіндік береді. Шымкенттің іргесінде жеке сектордағы 60-қа жуық үйдің тұрғындары 3 апта жарықсыз қалды. Трансформатордың істен шығуы олардың күйін 90 жылдардағы қиын кезеңге кері шегіндірді. Жабдықты жөндеп, жағдайды ретке келтіруге болар еді. Бірақ жергілікті халық үшін стратегиялық маңызды қосалқы станция жекенің иелігінде. Дүрия Әділбекова, Мәртөбе кентінің тұрғыны -Свет керек па? Өзінің орнына как положено столбаларын қойып, линиясын тартып, электр энергиясындағыларды шақырып, орнатып бер деп қанша айтқанбыз. Оны олар істеп жатқан жоқ. Электр қуатын бұлайша бөлісіп пайдалану тұрғындардың қалтасына біраз салмақ. Өмір Ноғаева, Мәртөбе кентінің тұрғыны -Айлығым – 30 мың. Мысалы, күйеуім жұмыс істейтін болмаса, қайтіп біз береміз ол ақшаны? Білмедім. Шымкенттегі жүздеген тұрғын дәл осындай жағдайға тап болған. Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, тек облыс орталығының өзінде 500-ден астам трансформатор жеке меншікте. Ал аймақ көлемінде тіптен көп. Сондықтан кез келген сәтте жарықтың сөніп қалуы бек мүмкін. Себебі транформаторлардың көбі ескірген. Мәселені шешу үшін өңірде 20 электрмен қамту нысаны, ал Шымкентте үш қосалқы станция салынады. Бұл шаһардың солтүстік бөлігіне қуат көзін жеткізуге сеп. Ал «Қызыл әскер» нысаны Мақтарал, Шардара мен Сарыағаш аудандарында қуат беруді жақсартуға ықпал етеді. Нұралхан Шәріпов, ОҚО Энергетика және ТКШ басқармасы жетекшісінің орынбасары -Жоспарланған қаржы көлемі 38 миллиард теңгеге жуық. Бір мың трансформатор жаңасына ауыстырылады. Олар жыл сайын ауыстырылып тұрады. Биыл 1 жарым мыңға жуығы жаңартылды. Бұл шаралар бес жылда іске аспақ. Әзірге Шымкенттің іргесіндегі жаңа үйлерде тұратын жұртшылық трансформаторды өздері сатып алуда. Әкімдіктегілер: «Трансформатор электр қуатын тасымалдаушы компанияның қарауына алынады», – деп уәде етті. Жарық мәселесі сонда түбегейлі шешілмек. Бірақ нақты қай кезде орындалатынын дөп басып айтқан жоқ. Авторлары: Бағдат Бектұрғанқызы, Наталья Цой, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов
Дерек көзі: www.khabar.kz