Дереккөз: www.24.kz

4584eb6d6417001485836005305eab5e_l

«Астана ЭКСПО-2017» компаниясы қазірден түрлі мекемеден өтініш қабылдауға әзір.

Коммерциялық қызмет көрсету арқылы қомақты қаржы түседі деп көзделіп отыр. Келер жылы өтетін халықаралық көрмеге кәсіпкерлердің қазіргі дайындығы қандай?

Ел тарихындағы ең ауқымды шараның шымылдығы түрілуіне де аз қалды. Қазірдің өзінде әлемнің 100-ден астам елі көрмеге қатысатындарын растап отыр. Жалпы көлемі 170 гектарды құрайтын ЭКСПО қалашығында 30-ға жуық қызмет түрі көрсетілетін болады. Тізімге ойын-сауық орталығынан бастап сән салоны, ателье, дәріхана, баспа секілді барлық қызмет енген. Ұлттық компания енді кәсіпкерлер арасында іріктеуді бастайды. Талапқа сай болғандар көрмеде кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алады.

Илья Оразақов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК АҚ Коммерцияландыру департаменті директорының орынбасары:

– Бұл бағдарламаға қатысқысы келетін шағын және орта бизнес өкілдері өтініштерін бізге беруі керек. Арнайы құрылған комиссия 10 балдық жүйемен олардың мүмкіндігін бағалайды. Қазақстан бойынша экскурсия, дизайнерлік қызметтер де болады. Келген туристерге барлық жайлы жағдай жасауымыз керек.

Алдын ала болжам бойынша, ЭКСПО-ны үш айдың ішінде 5 млн адам тамашалайды. Толассыз туристер мен қыдырып келушілер үшін жаңадан 24 қонақ үй бой көтереді. Астанада алғаш рет ашылған бұл тоқыма өнімдерінің шоу-румы ол қонақ үйлерді, мейрамхана, фитнес орталықтарды қажет өніммен қазірден қамтамасыз етуге әзір. Көрпе-жастық, орамал секілді барлық заттары халықаралық стандартқа сай. Бұрын 3 жұлдыздан жоғары отельдер бұл кәсіби тоқыма өнімдерін шетелден алдыратын. Енді алысқа сабылудың керегі жоқ. Әр қонақ үйдің қалауы бойынша тапсырыстарын орындайды.

Ниязи Дадашаев, тоқыма компаниясы сату бөлімінің директоры:

– Ел үшін маңызды шара ЭКСПО-ның алдында Астанада кәсіби тоқыма өнімдерінің шоу-румын ашуды жөн көрдік. Елордаға мыңдаған турист келетінін ескерсек, бұл қонақ үй, мейрамханалардың жұмысын әлдеқайда жеңілдетеді. Уақыттары мен ақшаларын үнемдейді. Бізде таңдау көп. Өнімдеріміз еуропалық брендтердің сапасынан кем түспейді.

Айгүл Сариева, кәсіпкер:

– Астанадағы осы шоу-румда барлық тауар түрлерімен танысып, тапсырыс беруге болатыны қуантады. Осыған дейін шетелдік компания өкілдерінің бізге келгенін күтетін едік. Біз секілді қонақ үй, мейрамхана бизнесімен айналысатын кәсіпкерлерге ыңғайлы болды.

Көрменің арқасында Астанаға қонақтар есебінен құйылатын қаржының көлемі артады. Күн сайын павильондарды кемі 55 мың адам аралайды. «ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы, коммерциялық қызметтен 500 млн еуро пайда түседі деген болжамдарын айтты.

Авторлары: Асқарбек Қазанғап, Жандос Битабаров, Ануар Тәуекелов