Дерек көзі: ҚазАқпарат
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан Төмен байытылған уран банкін құруға 400 мың доллар жарна қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мұндай мәлімет ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында талқыланып жатқан «ҚР Үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агентік арасындағы Қазақстан Респубилкасында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР заңының жобасы қатысты еліміздің Энергетика министрлігі таратқан материалда айтылған.
«МАГАТЭ төмен байытылған уран банкі жобасын жүзеге асыру үшін келесі жарналар алды: Ядролық қауіп-қатерге қарсы бастамадан 50 млн доллар, АҚШ Үкіметінен 49 млн доллар, Еуропа одағынан 25 млн еуро (физикалық қауіпсіздік жүйені жаңартуға 5 млн еуроны қоса алғанда), Біріккен Араб Әмірліктерінен 10 млн доллар, Кувейттен 10 млн доллар, Норвегиядан 5 млн доллар, Қазақстаннан қосымша заттай жарналар, МАГАТЭ Төмен байытылған уран банкін ұстау шығындарын қоса алғанда 400 мың доллар», – делінген таратылған ақпаратта.
Заң жобасы бойынша негізгі баяндама жасаған ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиевтің айтуынша, төмен байытылған уран Үлбі металлургиялық зауытында гексавторид түрінде контейнерлер мен цилиндирлерде еуропалық 30В стандарттарына сай сақталады. Гексафторид дегеніміз алты фторлы уран және қатты әрі 70 градус температурада газ күйінде болады.
Естеріңізге сала кетсек, 2015 жылдың 27 сәуірінде Қазақстан Үкіметі өз қаулысымен елімізде МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкін «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ-ында орналастыру туралы келісімге қол қоюды мақұлдаған болатын. Сол жылдың 27 тамызында келісімге Қазақстан тарабынан Ерлан Ыыдырсов пен МАГАТЭ-нің бас директоры Юкия Амано қол қойған еді.