Дереккөз: lenta.inform.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2020-2025 жылдардан кейін жаңаратын көздерден өндірілетін электр энергиясының өзіндік құны дәстүрлі энергия көздерімен теңеседі. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Париж келісімін ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі кезде Қазақстанның жалпы генерациясында жаңаратын энергия көздерінің үлесі 0,9 пайызды ғана құрап отыр. Осы ретте алғашында жарты пайыздан бастағанымызды еске салған жөн. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша жаңаратын көздермен энергия өндірудің өсімі 177 пайызды құрады. Бүгінде Қазақстанда жалпы қуаты 258 мегаваттық жаңаратын энергия көздерінің 48 нысаны жұмыс істеуде. 2015 жылы жиынтық қуаты 120 мегаваттық 14 жоба іске асырылған еді. Биыл Алматы, Ақтөбе және басқада өңірлерде тоғыздан астам нысан іске қосылады. Бүгінде 57 энергия өндіретін ұйымдарымен және КЕГОК компаниясының есептік-қаржылық орталығымен келісімдер бекітіліп, осы нысандар қазіргі кезде түрлі даярлық кезеңінде тұр. Егер де бұл нысандар пайдалануға берілген жағдайда, 1 606 мегаватт қамтылады. Осы ретте біз 2020 жылға қарай қойылған мақсатты ерте орындаймыз»,-дедіҚ. Бозымбаев.
Министр жаңаратын энергия көздері елімізге қажет екенін, алайда қазіргі кезеңде оның құны қымбат екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңмен іске асырылатын болады.
«2020-2025 жылдардан кейін жаңаратын энергия көздері нысандарында электр энергиясын өндіру айтарлықтай арзандайды деп күтілуде. Сонымен қатар оның өзіндік құны дәстүрлі энергия көздерімен теңесуі ықтимал»,-деді министр.