Дүниежүзілік Банктің «Doing Business» елдер рейтингісінде «Электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу» индикаторы бойынша бірден Қазақстан 27 сатыға секіріс жасады және ТМД-да ең үздіктердің бірі болды.
Дүниежүзілік Банктің Doing Business – 2017 жарияланған рейтингісінде Қазақстан өткен жылғы 41-ші орыннан көтеріліп, әлемнің 190 елінің арасынан 35-ші орын алды. Бұл туралы ақпарат Дүниежүзілік Банктің ресми сайтында орналастырылды. Бұдан басқа, Қазақстан саны ең көп реформаларды жүзеге асырған елдердің қатарына енді.
Дүниежүзілік Банктің баяндамасында елдердің рейтингі ұлттық компаниялар үшін кәсіпкерлік қызметті нормативтік құқықтық реттеудің маңызды аспектісі бойынша жүргізіледі. Doing Business елдер рейтингісін қалыптастыруда негізге 10 индикатор алынған.
Индикаторларының бірі «Электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу» болып табылады, осы индикатор бойынша Қазақстан өткен жылғы 102-ші орыннан осы жылы рейтингте 75-ші орынға секіріс жасады, яғни бірден 27 сатыға көтерілді. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан Әзірбайжан – 105-ші орын, Қырғызстан – 163-ші орын, Украина – 130-шы орын сияқты ТМД елдерін басып озды. Ресей мен Белорусь бұл рейтингте тиісінше 30-шы және 24-ші орын алды.
Баяндамада 2015 жылғы 2 маусымнан бастап 2016 жылғы 1 маусымға дейінгі кезеңде жүргізілген реформалар есепке алынған. Осы уақыт аралығында электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу бойынша Қазақстандық бизнес үшін жағдайды жақсартатын маңызды реформаларды жүзеге асырды. Осы кезеңде Қазақстанның заңдарына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар күшіне енді. Атап айтқанда, белгіленген қуаты 200 кВт дейінгі электр қондырғылары бар тұтынушылар үшін электрмен жабдықтау желілеріне қосылу үшін техникалық шарттарды беру мерзімі 14 күннен 5 күнге дейін қысқартылды. Энергия беруші ұйымдармен тұтынушылардың жобалық шешімдерін келісу мерзімі 20 күннен 3 күнге дейін азайтылды. Құрылыс-монтаж жұмыстарына рұқсат алу қажеттігі алынып тасталды. Енді жобалаушыға мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасына жұмыстың басталуы туралы хабарламаны электрондық түрде жіберу жеткілікті. бұдан басқа, мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау органынан электр желілеріне қосылуға рұқсат алудың қажеттілігі жойылды. Электрмен жабдықтаушы ұйыммен электр жабдықтауға шарт жасасудың бір апталық мерзімі үш күнге дейін қысқартылды.
Электрмен жабдықтаудың сенімділік көрсеткішінің бекітілген мәнін сақтамағаны үшін энергия беруші ұйымдардың басшыларына әкімшілік айыппұлды енгізу де тағы бір жаңалық болды. Doing Business халықаралық рейтингісінде Қазақстан Ресей, Бельгия, Италия, Грекия және Люксембург сияқты мемлекеттердің алдына шығып, Жапония мен Румынияның арасына орналасты. Жаңа Зеландия осы жылы бизнесті жүргізу үшін ең қолайлы шарттары бар ел болды, екінші орынды Сингапур алды, Дания үшінші орынды сақтап қалды.
Дереккөз: energo.gov.kz