Дереккөз: energo.gov.kz
2016 жылғы 17 қарашада Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінде 2017-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай-химия салаларындағы салалық келісімге қол қою рәсімі өтті.
Әлеуметтік әріптестік тараптары:
1) уәкілетті мемлекеттік орган атынан ҚР Энергетика министрлігі;
2) жұмыс берушілер атынан «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «KAZENERGY» қауымдастығы;
3) салалық кәсіподақтар атынан қызметкерлер өкілдері: «Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ, «Қазақстандық мұнай-газ салалық кәсіптік одағы» ҚБ мен «Химиялық, мұнайхимиялық және өндірістің туысқан салалары жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ.
2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енген Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі (бұдан әрі – Кодекс) еңбекке ақы төлеу, еңбек қатынастары, еңбек пен демалыс режимі саласындағы өзгерістерді қарастырады. Сонымен қатар, Кодексте салалық келісім мазмұнына жаңа талаптар пайда болды, атап айтсақ онда тиісті саланың бағдарламалық және стратегиялық құжаттарын қарау тәртібі, әлеуметтік әріптестікті дамыту мен саладағы диалог, әлеуметтік-еңбек жанжалдарының алдын-алу мен болдырмау жөніндегі шаралар сияқты нақты ережелер қарастырылуы қажет.
Осы ретте, ағымдағы жылдың ішінде Министрлік жанындағы Мұнай-газ саласындағы әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық комиссиясы тарапынан әлеуметтік әріптестік Тараптарының барлық ұсыныстары мен ескертулерін ескере отырып, 2017-2019 жылдарға арналған Салалық келісімді әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілді.
Салалық келісім Тараптардың еңбек құқығы нормаларынан тұратын еңбек заңнамасын және өзге де нормативтік құқықтық актілерді орындауы, Тараптардың мүдделерін құрметтеу; талқыланатын мәселелерді таңдау еркіндігі мен қабылданатын шешімдердің жариялылығы; Тараптардың өзара міндеттерді қабылдау өкілеттілігі мен еркіндігі және олардың орындалу нақтылығы; Тараптардың, олардың өкілдерінің Келісім бойынша қабылдаған міндеттемелерін өз кінәсі бойынша орындамағаны үшін жауапкершілігі; Келісімді орындау және оның орындалуын бақылау міндеттілігі; әлеуметтік әріптестікті нығайту мен дамытуға мемлекеттің ықпал етуі сияқты қағидалар негізінде жасалды.
Еңбек заңнамасына сәйкес Салалық келісім тараптардың салалық деңгейдегі жұмыскерлер үшін еңбек жағдайларын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі міндеттемелері мен мазмұнын айқындайтын әлеуметтік әріптестік тараптарының арасында жасалатын жазбаша келісім нысанындағы құқықтық акт болып табылады.
2017-2019 жылдарға арналған салалық келісім әлеуметтік әріптестік Тараптарымен қол қойылғаннан кейін он күн мерзімінде еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға хабарламалық тіркеу үшін жолданады және 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.