Дереккөз: 24.kz
Бүгін елордадағы ЕХРО-2017 көрмесі аумағында Бірыңғай қызмет көрсету орталығы іске қосылды. «Бір терезе» принципі бойынша жұмыс жасайтын орталықта ішкі істер органдарынан бастап кедендік одақ және салық мекемелерінің өкілдері қызмет көрсетеді. Оған қоса, көрмеге қатысушылар визалық қолдау, көші-қон есебі, салық салу, авторлық құқық секілді бірнеше қызмет түрлерін пайдалануға мүмкіндік бар. Ақсұлу Арзықұлова, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК қоғаммен байланыс департаменті директорының орынбасары: – Бүгінгі таңда 112 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым осы көрмеге қатысатынын ресми растады. Осы барлық қатысушы мемлекеттерге және олардың қызметкерлеріне осы орталықтар қызмет көрсететін болады. Осы жерде өздерінің кеңестерін береді, осы жерде құжаттарын дайындауға, т.б. осы жерден қызметтерін бітіруіне болады. Сонымен қатар, Аккредиттеу орталығының да тұсауы кесілді. Енді көрме аумағын көргісі, өзге нысандарды аралағысы келетін адамдар онлайн жүйеде тіркеліп, құқық қорғау органдарында арнайы тексерістен өтуі тиіс.